Алматыда 35 нүктеде жылжымалы жедел жәрдем стансасы ашылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жылжымалы блоктық жедел жәрдем стансалары ашылады. Бұл туралы бүгін қалалық Кардиологиялық орталықта болған жиын барысында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов айтты.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары қалалық Кардиологиялық орталықтың ақпараттық инновациялық жетістіктерін көрді.

«Жедел жәрдем қызметі бойынша басты басымдықтарды анықтадық. Қаламыздың ерекшелігіне орай, жедел жәрдем көліктері кей жағдайда науқасқа кешігіп жетеді.  Осыған байланысты 35 жерде жылжымалы блоктық жедел жәрдем жүйесін іске қосатын боламыз. Онда екі бригада жұмыс жасайтын болады. Қанша жерден станса салса да бұл шығын. Кептелістің кесірінен науқасқа жету уақыты ұзап кетеді», - деді Серікбол Мусинов.

Оның айтуынша, жедел жәрдем көлігін сатып алу жүйесі де өзгеріске ұшырамақ. Ендігі кезекте мемлекеттік тендермен жұмыс жасайтын автокәсіпорындар жылына екі рет автопаркті жаңарту шартымен келісуі тиіс.

Сонымен қатар,  жыл соңына дейін Алматыда медициналық мекемелер бірыңғай базаға біріктіріледі.

Енді науқас туралы ақпарат ол жедел жәрдеммен ауруханаға жеткенше дәрігерлердің қолында болады. Осының арқасында науқастарды тексеріп, емдеу уақыты қысқарады.

Соңғы жаңалықтар