Алматыда 35 дәрігерлік амбулатория ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматының жаңа ықшамаудандары мен қалаға қосылған аймақтарда 35 дәрігерлік амбулатория ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қала басшысы Бақытжан Сағынтаев атап өткендей, медицина саласындағы нақты жағдайды анықтау үшін барлық медициналық мекемелерге аудит жүргізілген. Емханалар мен ауруханалардағы 30 мыңнан астам жабдықтың 10 мыңы моральдық және физикалық жағынан тозғаны белгілі болып отыр.

«Осыған орай, әрбір медицина ұйымдары және аудандар бойынша жабдықтарды модернизациялаудың үш жылдық жоспары әзірленді. Медициналық жабдық сатып алуға 60 млрд теңгеден астам қаржы жұмсау жоспарлануда. 2020 жылдың өзінде 20 млрд теңгенің жабдықтары алынады», - деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Бұдан өзге «қадамдық жақындық» қағидасы бойынша таяудағы үш жыл ішінде жаңа ықшамаудандар мен қалаға қосылған аумақтарда 35 дәрігерлік амбулатория ашылмақ. Олардың жетеуі қазірдің өзінде жұмысын бастап кетсе, жыл аяғына дейін тағы үшеуі ашылады.

«Алатау ауданында қарашада Жедел медициналық көмек қызметінің жаңа қосалқы стансасы ашылды. Осының арқасында Әуезов және Алатау аудандарында тұратын науқастарға дәрігерлік бригадалардың бару уақыты 25 минуттан 11-13 минутқа дейін қысқарды», - дейді әкім.

Соңғы жаңалықтар