Алматыда 35,6 мың бала мемтапсырыспен жекеменшік балабақшаға барады

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда мектепке дейінгі тәрбиемен 2 – 6 жастағы балалардың 71,8%, ал 3-тен 6 жасқа дейінгі балалардың 92% қамтылған. Бұл туралы брифинг барысында қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, бүгінде Алматыда 866 балабақша жұмыс істейді, оның 193-і – мемлекеттік.

«Балабақшаларға кезек санын төмендету бойынша шаралар кешенін қабылдап жатырмыз. Мысалы, бірінші жартыжылдықта Алматыда 3316 орынды 54 жаңа жекеменшік балабақша ашылды. Жыл соңына дейін 2 мыңнан астам орынды тағы 15 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашу және 280 орынды мемлекеттік балабақшаны іске қосу жоспарланған», - деді спикер.

Сонымен қатар ол биыл жеке балабақшаларда 5227 орынды мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша конкурс өткенін атап өтті.

Барлығы 35 698 орынды мемлекеттік тапсырыс 573 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда жүзеге асырылады.

«Балабақшалардағыдай мектептерде де орын тапшылығы байқалады, бүгінде 19 мыңнан астам орын жетпейді. 2021-2022 оқу жылының басында мектептерде тапшылық 33 мыңнан астам орынды құрады. Орын тапшылығын кезең кезеңмен азайту мақсатында орта білім берудің 33 объектісі іске қосылды, олардың есебінен 15 719 жаңа оқушы орны құрылды»,- деді ол.

Жыл соңына дейін 13 820 орынды 18 орта білім беру нысанын іске қосу жоспарда.

«Олар Қалқаман-2, Қайрат, Дархан, Мәдениет, Нұркент шағынаудандарындағы 7 500 орынды 5 мектеп. №48, 191, 125, 146 мектептер, №9 МИ кеңейтіліп, соның есебінен қосымша 1270 орын пайда болады. Олар жеке инвестиция есебінен Бостандық және Наурызбай аудандарынан 1800 орынды екі ғимарат сатып алып, 3250 орынды 6 мектеп ашпақ»,- дейді Ләззат Жылқыбаева.

Спикер Алматыда қаланың сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидалары әзірленгенін тілге тиек етті.

«Оның аясында көпқабатты тұрғын үй кешендерін салу кезінде халықтың болжамды тығыздығын ескере отырып, мектептердің қадамдық қолжетімділікте міндетті түрде болуы талап етіледі. Бұл шаралар қала әкімдігіне құрылыс салушылармен 11 мектеп және 13 055 оқушы орнына арналған мектептерге 5 қосымша құрылыс салуға меморандум жасасуға мүмкіндік берді», - дейді спикер.


Соңғы жаңалықтар