Алматыда 31 жыл бұрынғы сұрапыл өрттен қаза тапқандарды еске алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда осыдан 31 жыл бұрын соңы жарылысқа ұласқан алапат өртті сөндіру кезінде қаза тапқан жандарды еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл қайғылы оқиға 1989 жылы 20 мамырда болған еді. Кешкі 19:30 шамасында газ тарату стансаларына 6 цистерна пропан газын жеткізу кезінде газ цистерналарын тиеген құрам тепловозбен соқтығысқан. Қатты соққы салдарынан өрт шықты.

19:36-да орталық өрт сөндіру базасына бір әйел өрт шыққанын хабарлаған.

Бірнеше минуттан соң өрттің соңы жарылысқа ұласты. Қатты дүмпуден келесі цистерна аударылып қалған. От жалыны бірнеше метрге санаулы секундтарда тарап кетті. Өртті сөндірумен айналысып жатқан қызметкерлер отты шардың ортасында қалды. Ішкі қызмет кіші сержанты Ысқақов Е сол жерде мерт болды.

Өрт сөндіру гарнизонының командирі Фрид Шәріпов әріптестері сияқты ауыр күйік шалса да жедел жәрдем әкеткенше бұйрық беріп жатты.

Оқиға орнынан құтқарушылар ауыр халдегі Ильшат Сафарғалиев, Құралхан Аққұлов, Михаила Маликов, Сейіл Әлімтаев, Владимир Никуленконы алып шыққан.

Өрт сөндірушілердің жанкешті айқасының арқасында басқа цистерналар жарылмады. Түнгі 22.20-да өрт ауыздықталып, 01:45 минутта толығымен сөндірілді.

Бірнеше сағатқа созылған жан алысып, жан беріскен айқаста адамдар жеңді. Бірақ, бірнеше өрт сөндіруші құрбан болды.

Абдранов И.А., Қасымов Р.А сол жерде көз жұмды. Ауыр халде жатқан өрт сөндірушілердің өмірін арашалау үшін республиканың, бүкіл одақтық күйік орталығының мамандары жұмылдырылды.

Қазақ КСР ДСМ жанында тәулік бойы арнайы штаб жұмыс істеді.

Ауруханада Фрид Шарипов, Ильшат Сафарғалиев, Құралхан Аққұлов, Михаил Маликов, Сейіл Әлімтаев, Владимир Никуленко қайтыс болды.

КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының жарлығымен Абдранов И.А., Аққұлов Қ., Әлімтаев С.К., Исқақов Е.К., Қасымов Р.А., Никуленко В.В., Маликов М.И., Сафарғалиев И.Ф., Шарипов Ф.А. Қызыл жұлдыз орденімен марапатталды.

Өрт сөндіруде ерлік көрсеткені үшін Алматы өрт сөндіру басқармасы мен Ішкі Істер басқармасының 20 қызметкері марапатталды.

Бүгін осы қайғылы оқиғаға - 31 жыл. Алматыда өрт сөндірушілер ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты еске алу рәсімі бір ғана өрт сөндіру бөлімінің қатысуымен өтті.


Соңғы жаңалықтар