Алматыда 300-ге жуық ресторан табысын жасырып келген - комитет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздегі ресторандар қызметкерлерінің санын жасырып, касса аппараттарын қолданбайды немесе фискалдық чекті айына 1 рет шығарып, өз кірісін көрсетпеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет шағын кәсіпкерлік субъектілерін фискалды қолдау шараларын жалғастырып келе жатқанына қарамастан, еліміздің мейрамханалары өздерінің кірісін жасыруды жалғастыруда.

«Мемлекеттік кірістер комитеті аталған саладағы салық төлеушілердің салықтық міндеттемелерін орындауын қашықтан бақылауды өткізу барысында астанада және республикалық маңызы бар қалаларда қызметін жүзеге асыратын әртүрлі интернет сайттарда өз қызметін жарнамалайтын мейрамханалардың тізімін пайдаланды», - деп мәлімдеді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті салықтық әдіснама департаментінің директоры Жәнібек Нұржанов.

Бақылаудың алдын ала нәтижесіне сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласынан 164 мейрамхана бойынша 37 салық төлеуші салық есебінде өз кірісін көрсетпеген, 31 мейрамхана бойынша жалдамалы қызметкерлер жоқ және 41 мейрамхана жалдамалы қызметкерлер санын 1-5 аралығында деп көрсеткен. Одан басқа, қаланың 6 мейрамханасында бақылау - касса машиналары жоқ, ал БКМ орнатқан мейрамханалардың ішінде айына 1 рет фискалдық чекті шығаратын - 1 мейрамхана, күніне 1 рет - 14 мейрамхана анықталды. Қаланың 34 мейрамханасында БКМ бойынша айналым жоқ.

Осыған ұқсас жағдай Алматы қаласы бойынша орын алған. Яғни, 275 мейрамхана бойынша 95 салық төлеуші салық есебінде өз кірісін көрсетпеген, 123 мейрамхананың жалдамалы қызметкерлері жоқ, 24 мейрамхана жалдамалы қызметкерлер санын 1-5 аралығында деп көрсеткен. БКМ бойынша: фискалдық чекті айына 1 рет шығаратын - 3 мейрамхана, күніне 1 рет шығаратын - 13 мейрамхана анықталды. Алматы қаласы мейрамханаларының 83-де БКМ бойынша айналым болмаған.

Шымкент қаласының 85 мейрамханасы бойынша өз кірістерін көрсетпейтін 17 салық төлеуші анықталды, 24 мейрамхана жалдамалы қызметкерлерін көрсетпеген, 12 мейрамхана жалдамалы қызметкерлер санын 1-5 аралығында деп көрсеткен. Одан басқа, қаланың 23 мейрамханасында бақылау - касса машиналары жоқ. БКМ орнатылған мейрамханалар бойынша: айына 1 рет фискалдық чекті шығаратын - 2 мейрамхана, күніне 1 рет шығаратын - 8 мейрамхана анықталған. БКМ бойынша айналымы жоқ 24 мейрамхана анықталды.

Бұл ретте Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары бойынша аталған саладағы салық төлеушілердің 18 пайызы 2018 жылғы декларациясында жылына 1 млн теңгеге дейін немесе күніне 3 000 тенге мөлшерінде кіріс көрсеткен.

«Салық міндеттемелерін толық көлемде орындамайтын барлық салық төлеушілерге заңбұзушылықтарды жою туралы хабарлама жолданды. Осындай талдау басқа облыстар бойынша да жүргізілуде», - деп атап өтті Жәнібек Нұржанов.

Соңғы жаңалықтар