Алматыда 30-жылдардағы қазақ көші туралы конференция өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2 қараша күні Алматы қаласында Елісхан Әліпұлының 110 жылдығына орай «Азаттық аңсаған қазақ көші және ел бастаған Елісхан» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтетін конференцияда «Ел бастаған Елісхан» кітабының тұсауы кесілімек. Іс-шара соңында батыр рухына Құран бағышталып, ас беріледі.

Елісхан Әліпұлы (1908-1943) - қазақ халқының басына түскен 1930-1940 жылдардағы қанды кезеңнің құрбаны. Ел-жұртын зұлымдықтан құтқару жолында жан аямай арпалысқан күрескер тұлға. Гималайды тұғыш рет асып өткен қазақ көшінің басшысы.

Елім, жерім деп күрескен ер Елісхан Әліпұлының есімі ұлт тарихында ерекше орынға ие. Оның аты әдебиеттерден, тарихи кітаптардан орын алды. Елісхан өмірі туралы жазылған Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» романы Қазақстанда үш рет басылып, түрік тіліне аударылған. Түркияда да жарық көрді. Кітап Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның қолына тиіп, елдегі мемлекеттік кітапханалар төрінен орын алды. Айта кетейік, биылғы шілде айында Түрік елінің Ыстанбұл қаласында батырдың 110 жылдық іс-шарасы аса жоғары деңгейде аталып өтті.

«Азаттық аңсаған қазақ көші және ел бастаған Елісхан» тақырыбындағы конференция Елісхан Əліпұлының жауға тізе бүкпейтін қайсарлығы,  ержүректігі мен түркі ұлдарына тəн өр рухының ұрпаққа берер сабағы, батырдың өмір жолы мен ерлік іздеріне арналады. Жиын негізінен ұлт қаһарманы жайында жазылған әдебиеттер мен ғылыми зерттеулер хақындағы баяндамаларды қамтиды. Сондай-ақ азаттық, еркіндік аңсаған көштің мұраты - біздің бүгінгі тәуелсіздігіміз екенін, Отанның қымбат құндылығы екенін, оны мəңгі қорғап өтудің қажеттігін ұрпақ санасына сіңіруді мақсат етеді»,- дейді жазушы Ж.Шәкенұлы.

Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, атақты ғалымдар, жазушылар, зиялы қауым өкілдері, Түркия, Германия, Швеция және Моңғолиядан келетін қонақтар мен Елісхан батырдың ұрпақтары қатысады деп күтілуде.

Шара «Ғылым Ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ғимаратында өтеді. Басталуы - сағат 10.00-де.

Соңғы жаңалықтар