Алматыда 250 студентке діни сенімге қатысты заңдардың нормалары түсіндірілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жастардың діни тұрғыдан құқықтық сауаты тереңдетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Алматыдағы Спорт және туризм академиясының студенттерімен кездесу барысында ҚР заңнамасын бұзған жағдайда қандай жаза болуы мүмкін екендігі айтылды. Сабақты 250 студент тыңдады.

Студенттердің діни сауатын кеңейтуге бағытталған отырысты академияның 1-проректоры Мұхтар Есқалиев жүргізді.

Жиынға сарапшы ретінде қатысқан дінтанушы, магистр Нұрмұхаммед Мейманқожа Қазақстанның «Дін туралы» заңнамасының нормаларымен таныстырды. Бұл сала Қазақстан Республикасы Діни қызмет және діни бірлестікер туралы Заңымен реттеледі.

«Аталған заңды бұзған жағдайда қандай жаза болатыны ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 490-бабында көрсетілген. Дiни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге, қайырымдылық қызметті жүзеге асыруға, діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, әзірлеуге, шығаруға, басып шығаруға және таратуға, ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салуға, үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттар) етіп қайта бейіндеуге (функционалдық мақсатын өзгертуге) белгіленген талаптарды бұзу – қызметтi үш ай мерзімге тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға – 50, заңды тұлғаларға 200 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады», - деді спикер.

Сонымен қатар Нұрмұхаммед Мейманқожа зайырлы қоғамда өзгелердің діни көзқарасына нұқсан келтіріп, келемежге айналдырған тұлғалар да заңмен қудаланатынын айтты.

«Заңды діни қызметке кедергі келтіру, сол сияқты жеке тұлғалардың азаматтық құқықтарын дінге көзқарасы себептері бойынша бұзу немесе олардың діни сезімдерін қорлау не қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіру, егер жоғарыда баяндалған барлық әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса жеке тұлғаларға – 50, лауазымды адамдарға – 100, заңды тұлғаларға 200 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады», - деді Нұрмұхаммед Мейманқожа.

Сонымен қатар, дәріс беруші «Жусан» операциясы туралы да тілге тиек етті.

«Сирияға 800-ден астам қазақстандық кеткен. 500-ден астамы елге оралды. Қазір оларды оңалту жұмыстарын психолог, теолог мамандар жүргізіп жатыр», - деді ол.

Студенттер тарапынан көбінесе «хиджаб», жат діни ағымдардың белгілері, Ханафи мәзхабы туралы сауалдар қойылды.

Жасөспірімдердің бірі осындай кездесуды тағы да ұйымдастыруды өтінді.

«Соңғы жылдары қоғамда халықтың дінге бетбұрысы артуда. Көптеген діни дәстүрлер заманауи сәнді трендке айналуда. Халықтың белгілі бір бөлігіне діншілдікті сырттай паш ету, яғни діни өмірді жария етуге деген қызығушылық тән. Дінге бет бұрған, алайда діни ілімдерден бейхабар және сол себептен деструктивті ықпалға еріп кететін жастардың радикалдану қатері сақталуда. Жекелеген азаматтардың қоғам алдындағы конституциялық және азаматтық борыштарынан бас тартуы тағы бар. Заңдарға, елдің мемлекеттік рәміздеріне, халықтың ұлттық-мәдени салт-дәстүріне, сондай-ақ жалпыға бірдей әдеп пен мінез-құлық нормаларына құрмет танытпау жағдайлары жиілеп барады», - деді Нұрмұхаммед Мейманқожа.

Алматыда Қоғамдық даму басқармасының үйлестіруімен бірнеше жыл бойы қала тұрғындары арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру тобы құрылған.

Бұл құрылым жастардың, тұрғындардың діни экстремизм, терроризм, деструктивті ұйымдардың зияны туралы білімін кеңейтіп, адам мен қоғамға зиянды теріс ағымдардың көзқарастарын түсіндіру, ақпараттандыруды мақсат тұтып отыр.

Осы орайда, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері биыл 600-ден астам кездесу, дәріс, семинар, дөңгелек үстел өткізу қарастырылған.

Осындай форматтағы түсіндіру жұмыстары оң нәтиже беріп келеді. Тұрғындар сөйлесуге келген мамандардан өздерінің мазалап жүрген сауалдарына жауаптар алып, тиісті ақпараттық кеңестер алды.

Соңғы жаңалықтар