Алматыда 24 жастағы жігітті ата-анасы бір апта бойы іздеп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 24 жастағы жігітті ата-анасы бір аптадан бері іздеп таппай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлихан Ишимов жұмбақ жағдайда жоғалып кетті. Жігіттің көлігі ашық күйінде Алматы әуежайы маңындағы көлдің жағасынан табылған. Телефоны, құжаттары, құнды заттары түгел орнында қалған. Әлиханның қайда кеткені белгісіз.
null 

Жігіттің ата-анасы бір аптадан бері күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалған.

«Балам 16 қараша күні кешкі 10-да хабарласқан кезде «иә, мама, келе жатырмын» деген болатын. Сол күні түнде келмеді. Келесі күні де таңертең хабарлассам телефонын көтермейді. Хабарлама жаздым, жауап жоқ. Достарына, таныстарына түгел хабарласып шықтық. Таппаған соң іздеу жарияладық. Әлихан келесі күні жұмысқа тұруға сөйлесуге баруы тиіс болған. Ол үйде екі ұлдың кенжесі», - деді анасы Гаухар Ишимова.

Оның айтуынша, Әлихан 16 қараша күні достарын үйлеріне жеткізіп салған. Ең соңғы танысын Алатау ауданындағы үйіне апарып салған.

«Сол баламен 10 қараша күні танысқан екен. Достары онымен кездесіп сұрастырып келді. Олардың айтуынша, өте жақсы адам емес. Жете танымайтын адамды үйіне дейін апарып тастағаны қиын болды», - деді анасы.

Әзірге Әлиханды іздеумен еріктілер тобы мен отбасының туысқандары айналысып жатыр. Адамдар көлдің маңайын сүзіп, құтқарушылар суды түгел қарап шықты.

Әлиханның ата-анасы полицияның әрекетсіздігіне наразы.

Көлік Әуежайы көлі маңынан табылса да іздеу туралы істі Алатау ауданында ашуға тура келген.

«Алатау аудандық ІІБ-ні шақырттық. Әзер келіп істеді. Сол күні ешқандай жұмыс бітпеді. Бір күн тұрдық мында. Олар кеткесін аурухана, мәйітханаларды аралап кеттік. Демалыс күндері де тек өзіміз іздедік, полиция саусағының ұшын да қимылдатқан жоқ. Содан дүйсенбі күні хабарлассақ «біз қарамаймыз Түрксіб ауданы ІІБ-не жібереміз» деп тұр. Сейсенбі күні Түрксіб аудандық бөлімшесінде «әлі құжаттар келген жоқ, оған 10 күн өтеді» деп отыр. Менің әр күнім, сағатым азаппен өтіп жатыр. Мұндай нәрсеге шыдай алмаймын», - деді анасы Гаухар Ишимова.

Қайғы жұтқан отбасы баласының келеріне үмітті. Олар полициядан тым болмаса иісшіл иттерді берулерін сұрап отыр.

Қалалық ІІД жоғалған Әлихан Ишимовтың іздеу туралы арыз қабылданғанын растады.

«Қазір Түрксіб аудандық ІІБ оның араласатын таныстарын тексеріп жатыр. Іздеу нәтижелері туралы кейінірек хабарлайтын боламыз», - деді қалалық ІІД-нің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Соңғы жаңалықтар