Алматыда 23500 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттамақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биылғы оқу жылында Алматыда 23500 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне қалалық Білім басқармасы бастығының орынбасары Галина Самотокина айтты.

«Биыл ата-аналардан баласын бірінші сыныпқа беру туралы 23500 өтініш түсті. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артуда. Өткен жылы бұл көрсеткіш 22 мыңды құраса, оның алдыңғы жылы 20 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттаған болатын. Туу көрсеткішінің көбеюіне байланысты енді бұл көрсеткіш одан әрі өсе түседі», - деді ол.

Маманның айтуынша, бұл көрсеткіш әлі де өзгеруі мүмкін. Өйткені, көптеген ата-аналар баласын мектепке беру туралы өтінішін кейінге қалдырып жатады.

Галина Самотокина Алматыда жарияланған «Білім жылы» аясында 2014 жылдың соңына дейін қандай ауқымды жұмыстар жасалатынын да айтып өтті.

«Бірінші кезекте 1-6 жастағы балалардың 46,5%-ын, 3-6 жастағы балалардың 61,5 %-ын мектепке дейінгі білім берумен қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатта биыл қалада 2760 орынға лайықталған 18 мемлекеттік, 400 орындық 8 жекеменшік балабақшаны пайдалануға береміз. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 4200 орынға есептелген жаңа мектептерді пайдалануға беру көзделіп отыр. Соның бірі - Түрксіб ауданының «Жас Қанат» шағын ауданында салынып жатқан 1200 орындық мектептің құрылысы аяқталды. Мемлекеттік қабылдау коиссиясының ғимаратты қабылдау актісі де дайын», - деді Г.Самотокина.

Оның айтуынша, биыл қала бойынша 171 мектепте, соның ішінде биыл қосылған аймақтардан 15 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Соңғы жаңалықтар