Алматыда 23 жасар ана үшем туды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 23 жасар келіншек 11 ақпанда үш қызды қатар дүниеге әкелді. Бүгін бақытты отбасы Алматыдағы қалалық перинаталды орталықтан үйіне шықты.

Айта кету керек, Әнел, Әзел, Әдел есімді үш қызды үйінде 3 жасар ағалары Алдияр күтіп отыр. Өзінің ерекше жағдайын Айжан Мусина жүктіліктің 6-7 аптасында білген. Содан бері отбасы көз тиеді деп дәрігерлерден басқа жан баласына құпиясын ашпаған. Балалардың әжесінің айтуынша, отбасының тұқымында егізден, үшеуден туған аналар болған. Тек олардың көпшілігі медицинаның әлсіздігінен шетінеп кеткен. «Алғаш тексерілген кезімде егіз деп айтқан болатын. Жүрек соғысын бақылау кезінде үшінші жүректің лүпілі естілген соң менің үшем көтеріп жүргенім белгілі болды. Қатты толқыдым», - деді А.Мусина. Босанғанына 16 күн өтсе де Айжан сәбилерінің қайсысы кім екенін ажырата алмайды. Мамандар үшемнің тууын биылғы жылғы тіркелген алғашқы жағдай екендігі жеткізді. «Біздің орталықта шала, уақытынан бұрын, белгілі бір патологиямен туылған балаларға күтім жасалады. Соның ішінде егіз, үшем туатындар да бізге жіберіледі. Бізде осы тұрғыда тәжірибе мол. Былтырдың өзінде орталық 350 егіз бен 4 үшемді қабылдаған болатын. Олардың ішінде екі келіншек жасанды ұрықтандыру қызметіне жүгінген. Осы жағдайда 23 жасар келіншектің үшем көтеруі табиғи жағдай. Негізінен жасы келген әйелдер егіз тууға бейім келеді», - деді қалалық перинаталдық орталық директорының орынбасары Салтанат Ерболатова. «Балалар өте ауыр жағдайда туылды. Алғашында жан сақтау бөлімінде біраз жатты. Кейін өз күшімен демала бастады. Балалардың барлығының салмағы 2 келіден асады. Өздерін өте жақсы сезініп жатыр. Сондықтан, бүгін оларды перзентханадан шығарамыз», - деді жаңа туған балалардың патологиясы бөлімінің меңгерушісі Светлана Лисогор. Жалпы қала бойынша былтыр 450 егіз бен 4 үшем туған. «УЗД тексеруінде дәрігерлер үшем болатынын бірден айтты. 9 ай бойы құпиямызды ешкімге ашпадық. Жүктілік бойы түсік тастау қаупі болды. Үнемі дәрігерлердің бақылауында болдық. Емізген кезде ғана кішкене қиындық туады. Бірін анасы емізсе, екеуін жасанды сүтпен тамақтандырамыз. Әрқайсысы өз кезегін күтіп жатады», - деді қыздардың әжесі Бақыт Мусина. Ең жас көпбалалы отбасы қазір Әуезов ауданында тұрады. Үшемнің туғаны жайлы перзентхана басшылығы барлық құзырлы органдарға хабарлады. 23 жастағы Айжан Мусина қаланың мектептерінің бірінде психолог болып қызмет еткен. Балалардың әкесі менеджер болып жұмыс жасайды. Әзірге отбасында жеке баспана жоқ.

Соңғы жаңалықтар