Алматыда 21 жасқа толмаған жастарға сыра сатқан сатушыларға ескерту жасалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Сыра барлауы» акциясы барысында қаланың орталығындағы 53 сауда орны тексерілді. Олардың ішінде 21 жасқа толмаған жастарға сыра сатып, заңды белшесінен басқан 38 саудагерге ескерту жасалды.

Бұл жайлы бүгін Алматы өткен баспасөз конференциясы барысында Carlsberg Kazakhstan компаниясының коммуникация жөніндегі менеджері Мария Горохова айтты.

«Осы акция өткізіліп келе жатқалы бес жыл болды. Өкінішке орай, биыл тексерілген сатушылардың 70 пайызы заңды бұзды. Бұған дейін бұл көрсеткіш 45-50 пайыздан аспайтын еді. Сатушылар өздерінің әрекетін экономикалық дағдарыстың ықпалымен байланыстырып отыр. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлерді тексеруге тыйым салынуы да әсер етуде», - деді М.Горохова.

Алайда, кез келген сатушы заңмен көрсетілген міндетін дұрыс орындауы керек.

«Бұл мәселенің әлдеқайда тереңде жатқанын білдіреді. Көптеген дүкендерде сатушылардың жалақысы саудасының белсенділігіне байланысты. Адамдар неғұрлым көп сатқан сайын көп ақша алады. Сондықтан, олар клиенттің жасын сұрамай сата береді. Бірақ, заңның аты - заң. Ол қатаң сақталуы керек», - деді «Жастар саясатын дамыту қорының» директоры Сейітов Совет.

Рейд барысында жастарды бос қайтарған сатушылар да кездесті. Оларға құзырлы органдар тарапынан алғыс білдірілді.

Былтырғы жылы, іс-шараның тиімділігін арттыру мақсатында «Сыра барлауының» аумағы бүкіл Қазақстан бойынша кеңейтілген болатын. Акцияға компания қызметкерлері мен қоғамдық мекемелердің ерік білдірушілерін қосқанда 400-ден аса адам қатысты. Олар Қазақстанның 21 қаласындағы 20 000 сауда орнының өкілдеріне 21 жасқа дейінгі тұлғаларға алкоголь сатуға тыйым салынғандығын ескертті.

Carlsberg Kazakhstan сауда-саттық тобының қызметкерлері жазғы демалыс пен сыра маусымының әбден қызған шағында түсіндіру жұмыстарын өткізіп, бүкіл Қазақстан бойынша сауда орындарына тиісті материалдар таратты. Акцияға «Алдаспан» тобы - бүкіл әлем бойынша электрлі домбырада ойнайтын жалғыз қазақ этникалық рок-тобы, «Еуропа плюс радиостанциясының бас редакторы, KFW PR-менеджері Ботагөз Алдоңғарова, «Fake. Өзіңді сақта» фильмінде бас кейіпкердің рөлін сомдаушы, кино актрисасы және тележүргізуші Ася Оспанова қатысты. Онымен қоса, акцияны кәсіби спорт ұйымдары: ҚР трамплиннен шаңғымен секіру және шаңғы қоссайысы Федерациясы мен ҚР тау шаңғысы Федерациясы қолдады.

Соңғы жаңалықтар