Алматыда 21 ескі үй мен 178 пәтер сүріліп, орнына 11 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді
2022 жылғы 12 тамыз 18:00

Алматыда 21 ескі үй мен 178 пәтер сүріліп, орнына 11 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда пайдалану мерзімі өткен 1427 екі қабатты үй, ал Алмалы ауданында 125 үй, 1286 пәтер бар. Оларда орта есеппен 3200-ден астам адам тұрады.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласының Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Сапар Нұрашев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сапар Нұрашевтің айтуынша, ауданда 1 395 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оларға 206 пәтер иелерінің тұтыну кооперативі, тұтынушылар кооперативтері немесе тұрғын үй-құрылыс кооперативтері қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта ауданда 147 мүлік иелері бірлестігі мен 571 жай серіктестік құрылған.

«Алмалы ауданында «2018-2022 жылдары Алмалы ауданының аумағындағы ескі үйлерді сүру бағдарламасы» аясында соңғы 4 жылда жалпы ауданы 9138 шаршы метр болатын 21 ескі үй немесе 178 пәтер сүрілді. Олардың орнында 11 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.

Бүгінде Төле би көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында екі үй бұзылып, 2 тұрғын үй учаскесі мен 1 әкімшілік ғимарат салынуда.

Шевченко мен Шәріпов көшелерінің қиылысында құрылыс компаниясы бір жер үй мен екі қабатты үйді бұзып, орнына жақын арада көппәтерлі тұрғын үй салатын болады»,- деді Сапар Нұрашев.

Ол сондай-ақ Жамбыл – Байзақов – Шевченко – Манас көшелері квадратында орналасқан екі қабатты 28 тұрғын үйдің тұрғындарымен келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

«Көшелердің осы алаңында 2 үй сатып алынды, бұл 28 үй тұрғындарының тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін бастапқы алаң болады», - деді спикер.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT