Алматыда 2040 жылға қарай LRT, BRT метро желілері ұзарады

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарын әзірлеушілер қоғамдық көлікті дамыту перспективалары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматыбасжоспар» ҒЗИ» ЖШС бас директоры, Бас жоспарды әзірлеуші Асхат Садуовтың айтуынша, қоғамдық көлік дәліздерін (BRT, LRT, метро) ұйымдастыру және жаяу жүргіншілер кіру аймағында арнайы жолақтарды одан әрі дамыту қажет.

Құжатқа сәйкес, 2025 жылға қарай қолданыстағы BRT желісі «Шығыс қақпасы» полиорталығына дейін ұзартылады. Райымбек даңғылы бойымен жаңа BRT желісін іске қосу жоспарда. Осылайша, жүрдек автобустар желісі 40 шақырымға ұзарады.

2030 жылға қарай BRT желілерін Тілендиев, Розыбақиев, Мұқанов, Жұмабаев көшелері мен Үлкен Алматы айналма және Құлжа тасжолы бойымен 30 шақырымға дейін ұзарту жоспарда. 2035 жылға қарай – Өтеген батыр, Тәтібеков, Солтүстік айналма және Шолохов көшесінің бөліктері қамтылмақ ( 20 км).

Ал 2040 жылы жүрдек автобустар желісі тағы 12 шақырымға ұзартылады.

Жылдам автобус (BRT) желілері жобасымен қатар метро желісі де дамиды. Бас жоспар бойынша 2040 жылға қарай метро желісінің ұзындығы 32 шақырымға жетпек. Бүгінгі таңда қолданыстағы желі 13 шақырымды алып жатыр.

«Теміржол көлігіне қатысты айтар болсам, мегаполисте 3- ші вокзал пайда болады. Ол Саин көшесі мен Бұрындай көшесінің қиылысында орналасады. Егер метро туралы айтатын болсақ, онда бізге, біріншіден, «Барлық» базарына (Алтын Орды ауданы) баратын жолды, екінші кезеңді – Рысқұлов бойымен, үшінші кезеңді – қаланың тығыз учаскелерімен аяқтау керек», – деді», - Бас жоспарды әзірлеуші Асхат Садуов.

Сонымен қатар, алдағы уақытта қалада жеңіл рельсті көлік (LRT) іске қосылмақ. Оның желісі Төле би, Желтоқсан, Райымбек көшелерінің бойымен өтеді. 2040 жылға қарай оның жалпы ұзындығы 76 шақырым болады.

«Мұның барлығы қоғамдық көліктің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және жеке көлікпен жүру қажеттілігін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде арнайы жолақтардың көмегімен жағдайды жақсартуға мүмкіндік бар»,- деді Асхат Садуов.


Фото: Алматы қаласы әкімдігі
Соңғы жаңалықтар