Алматыда 2040 жылға қарай бір емес, бес орталық болады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматының жаңа бас жоспарына сәйкес, мегаполисте бір орталықтың орнына «Солтүстік», «Батыс», «Оңтүстік-батыс», «Шығыс қақпасы» және «Тарихи орталық» сияқты бес орталық пайда болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы бас жоспар» ҒЗИ» ЖШС директоры Асхат Садуовтың сөзінше, қаланы дамытудың бас жоспары - бұл Алматының перспективалары айқындалған өте маңызды құжат.

Бас жоспарда Алматыны одан әрі дамытудың басты жеті қағидасы жайлы қалалық орта құруға және оның барлық аудандарда өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Оның әрқайсысы инфрақұрылымды дамытуға, экологиялық жағдайды жақсартуға, білім мен медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ экономикалық және мәдени саналуандықты қолдауға бағытталған нақты шаралар мен жобаларды қамтиды.

Бас жоспар - Алматының барлық тұрғындарына заманауи, қолайлы және гүлденген ортада өмір сүруге мүмкіндік беретін қаланың болашақ дамуы үшін сенімді бағдар.

«Осы мақсатқа жету үшін Алматыда 5 жаңа полиорталық құрылады. Ондағы қалалық орта Алматының тарихи орталығының үлгісі бойынша – көшелердің тығыздығымен және адамдарға жайлы құрылыспен қалыптасады. Жоспарлау кезеңінде бүкіл қажетті тұрғын үй, әлеуметтік, инженерлік, көлік, цифрлық, коммерциялық және рекреациялық инфрақұрылым қарастырылады. Осының арқасында полиорталықтар өмір сүруге жайлы әрі қолайлы аудандарға, іскерлік және қоғамдық белсенділік орталықтарға айналады, қала тұрғындарының әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етеді. Мәдени және тарихи маңызы сақталатын тарихи орталыққа да назар аударылады, бұл ретте Кеңес кезеңінде салынған шағынаудандарды ревитализациялау бағдарламасы іске асады»,- деді жоба әзірлеуші.

Айтуынша, полиорталықтарды дамытудың бірқатар артықшылығы бар.

Біріншіден, олар кептелістерді азайтуға және көлікке қолжетімділікті жақсартуға ықпал етеді, өйткені тұрғындар өз аудандарында қажет нәрсенің бәрін таба алады.

Екіншіден, олар ыңғайлы және әртүрлі қызметтерді, белсенді өмір салты үшін инфрақұрылымды, саябақтарды, демалыс және ойын-сауық аймақтарын ұсына отырып, қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға жағдай жасайды.

Үшіншіден, полиорталықтарды дамыту жұмыс орындарының саналуандығына ықпал етеді және кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, ҚР Үкіметі Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі бас жоспарын бекітті.


Соңғы жаңалықтар