Алматыда 2025 жылдың соңына қарай дизельмен жүретін автобустар болмайды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда «жасыл дәліздер» тұжырымдамасы жүзеге асады. Қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесу барысында мегаполистің экологиялық тұжырымдамасын дамыту туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент жасыл дәліздер – қаланы өзендер мен көшелер бойымен көгалдандыру, экологиялық көлік түрлеріне көшуді қолдап, тапсырма берді. 2025 жылдың соңына дейін бізде дизельмен жүретін бірде-бір автобус болмайды. Сонымен қатар, жел екпіні мәселесін шешеміз. Қазір институттар мен ғалымдар оңтайлы шешім табумен айналысып жатыр. Ең бастысы, егер тиімді экологиялық көлік болса әрі жылыту маусымында көмірден және қатты отынның басқа түрінен арылсақ, онда қаладағы жағдайды алдағы 3 жылда жақсартамыз деп ойлаймын», - деді қала әкімі.

Әкімдік мәліметінше, «жасыл дәліздерді» құру жөніндегі іс-қимыл жоспары Дүниежүзілік банкпен бірлесіп әзірленіп жатыр. Осы бастамалар аясында жалпыға қолжетімді жасыл кеңістіктің үздіксіз тізбегін қалыптастыру, сондай-ақ Алматы агломерациясының аумағындағы өзендер мен каналдар арнасы бойындағы көгалдандырылған аумақтарды ұлғайту жоспарланған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Алматы жұртшылығымен кездесуінде ескірген және экологиялық жағынан көп залал келтіретін көлік түрлерінен бас тарту керек екенін айтқан болатын.

«2025 жылдан кейін Алматы көшелерінде дизель отынымен жүретін автобустар қалмауы керек, яғни оның орнына газбен жүретін және электр қозғалтқышы бар қоғамдық көліктер қатынайды. Транзиттік жүк тасымалының басым бөлігін Үлкен Алматы айналма жолына көшіру де қалаға оң әсерін тигізеді», - деді сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар