Алматыда 2020 жылға дейін 42 жатақхана пайдалануға беріледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек мемлекеттік бағдарламалар мен Президенттің бес әлеуметтік бастамасының қалай орындалып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі жиын барысында өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен танысып, жоба жетекшілеріне бірнеше тапсырма жүктеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша студент жастардың жағдайын жақсарту мақсатында Алматыда 1200 орынды 3 жатақхана салынды, оның біреуі модернизацияланған. Жыл соңына дейін 2680 орынды 5 жатақхана құрылысы аяқталады және 6300 орынды 12 жатақхана құрылысы қатар жүреді. Жалпы, 2020 жылға дейін 19 480 орындық 42 жатақхана салынып, пайдалануға беріледі», - деді Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінде.

Сонымен қатар, Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінде білім саласында да оң динамика қалыптасып, жаңа мектептер мен мемлекеттік балабақшалар бой көтергенін мәлімдеді.

«Қалаға қосылған елдімекендердегі интенсивті миграция мен туу қарқыны есебінен мектептегі орын жетіспеушілігі мен балабақша кезегін азайту үшін өткен жылы Наурызбай ауданында 1200 орындық мектеп пайдалануға берілді. Үш мектеп жанынан 1400 орындық қосалқы нысандар және 730 орындық үш мемлекеттік балабақша іске қосылды. Бұдан өзге, жыл қорытындысы бойынша 2,5 мың орындық 6 жеке мектеп және 4936 орындық 170 жеке балабақша ашылды. Қаңтар айының соңында 440 орындық тағы екі мемлекеттік балабақша пайдалануға беріледі. Алатау ауданында 600 орындық мектеп және 360 орындық 3 мемлекеттік балабақша салынуда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында оқушылар тығыз орналасқан орталықтағы 4 мектеп жанынан қосалқы оқу корпустары салынады», - деп мәлім етті баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, жиын барысында Алматы әкімі қаланы газдандыру қарқыны, соның ішінде жеке секторға газ беру туралы ақпаратты тыңдады. Қала әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев газ желісіне абоненттердің 99% қосылғанын, жеке сектордың небәрі 1 пайызын құрайтын 2217 тұрғын үйдің 200-іне газ берілгенін, тағы 1000 үйге газ желісінің тартылғанын, қалған 1017 үй биылғы жылдың үшінші тоқсанында газ желілеріне қосылатынын айтты.

Дегенмен, Бауыржан Байбек тиісті инфрақұрылымды жүргізіп қана қоймай, жеке сектордың газға толық көшуін қамтамасыз етудің ерекше маңызды екенін атап өтті. Қазіргі кезде кей тұрғындар үйлерін ауаға залалды материалдармен, сапасыз көмірмен, резеңкемен және басқалармен жылытып отыр. Қала экологиясын түбегейлі жасқарту қажеттілігін ескере отырып Алматы әкімі табиғатты қорғау прокуратурасымен бірге осы мәселені тексеруді тапсырды.

Айта кетерлігі, барлық компаниялармен газ желісіне қосу бағасын төмендету бойынша келісім жасалды. Әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарға жеңілдік қарастырылған. Мысалы, ҰОС қатысушыларына газ тегін жүргізіледі, жағдайы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарға 50%, I, II топтағы мүгедектерге 30% жеңілдік жасалады», - делінген баспасөз хабарламасында.




Еламан Тұрысбеков

Соңғы жаңалықтар