Алматыда 2018 жылғы маусымдағы соңғы велошеру өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында велошерудің жабылу маусымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

Алматы қаласының ақпараттық және спорттық ХАБ-ынан мәлім еткендей, нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған велошеруге 1 мыңға жуық адам қатысты. Дәстүр бойынша велошеру «Нұрлы Тау» бизнес орталығының аумағынан басталып, Тұңғыш Президент саябағында аяқталды.

Мәрені кесіп өткен барлық қатысушылардың арасында бағалы сыйлықтар мен 10 велосипед ойнатылды. Екі дөңгелекті темір тұлпардың жеңімпаздарының бірі - биыл велошерулердің ешбірін жібермеген, тұрақты қатысушы Инна Байдадорова.


«Биылғы жылғы барлық велошеруге қатыстық. Тіпті Ыссықкөлдегі демалысымыздан келіп қатысып жүрдік. Отбасымызбен салауатты өмір салтын ұстанамыз, енді біз коньки тебуге барамыз», - деді 27 жастағы Инна.

Велошеруге Blind Race Astana - Paris веломарафонынан оралған «Шекарасыз спорт»  командасының мүшелері қатысты. Олар Астанадан Парижге дейін 5 мың шақырымды еңсерді. Сахнада оларға Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасынан алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыс етілді. «Шекарасыз спорт»  қозғалысының басты мақсаты - мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спортты қолдау және оларды спортқа баулу.


Велошеру сондай-ақ белгілі спорт журналисті Галина Полеваяны қолдау мақсатында өтті. Г.Полевая 20 жыл бойы «Хабар» телеарнасында тілші болып қызмет атқарған. Қазіргі таңда Галинаның денсаулығы нашарлап, ол онкологиялық аурумен күресіп жатыр.  Ол қымбат операцияға мұқтаж. Бүгінгі акцияда әркім тілшінің отбасына қолдау көрсетіп, емдеуге қаражат жинау үшін өз үлесін қосуға мүмкіндік алды.

Айта кетейік, дәстүрлі велошерулер бұқаралық спортты дамытуға бағытталған «Спорттық Алматы» ауқымды қалалық бағдарламасы аясында ұйымдастырылып келеді.

Соңғы жаңалықтар