Алматыда 200 отбасы баспаналы болады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда биыл мамырдан бастап 200 отбасы алғашқылардың бірі болып пәтерлерін ала бастайды.

Бұл туралы «Нұр Отан» қалалық филиалында Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Халыққа көмек» әлеуметтік бағдарламаларын жүзеге асыруға қатысты жиын барысында қала әкімі Бауыржан Байбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек қалалық бюджеттің 50%-ы әлеуметтік салаға бағытталғанын жеткізді.

«Біз «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін орталықты белгіледік. Көмекке зәру кез-келген әйел осында келіп, кеңес ала алады. Орталықта көпбалалы аналардың өздері жұмыс істейді. Бұдан бөлек, мамырдан бастап 200 отбасы алғашқылардың бірі болып пәтерлерін ала бастайды», - деді Бауыржан Байбек.

Қалалық мәслихат депутаты Гүлназ Ахметова «Бақытты отбасы» қайырымдылық қорының жұмысын қорытындылап, Алматының өзінде 1086 отбасына көмек көрсетілгенін айтты.

«Мысалы, газ орнату, үйді жөндеудің шығындары төленді, басқа да материалдық көмек көрсетілді», - деді Гүлназ Ахметова.

Бастауыш партия ұйымының төрағасы Ғани Тәжиев «Құтты мекен» бағдарламасының Алматы үшін аса маңызды екенін айтты.

«Соңғы 3 жыл ішінде қалада 1500-ден астам аула, саябақ және скверлер жаңартылды, қала орталығының 60%-ы жаңғыртылды. Жыл сайын жол жөндеу сапасы артуда. Үш жыл ішінде 10 мыңнан астам отбасы тұрғын үймен қамтылады. Оның ішінде 2375 көпбалалы отбасы, 564 мүгедек, 345 жетім бала, 165 зейнеткер мен ардагерлер баспаналы болады», - деді ол.

«Халыққа көмек» жобасы жүзеге асып келеді. «Цифрландырудың арқасында қала тұрғындарымен тығыз байланыста болып, онлайн өтініштер арқылы сұхбат жүргізілетін болады. Қала сервистерінің үйі ашылады, Алматының барлық коммуналдық төлемдерін қайта есептеп, жұмыс сапасын жақсартатын болады», - деді Жанна Төлегенова.

Мегаполис әкімі қала тұрғындары енді бір жерге барып, кезекке тұрып, өтініш жазбай-ақ, үйден шықпай да мәселені шешуге болатынын айтты.

Соңғы жаңалықтар