Алматыда 200 мұқтаж отбасыға азық-түлік таратылды - ФОТО

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Рамазан сыйы» акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен 200 отбасыға азық-түлік тегін таратылды.

Алматы Орталық мешіті мен «Зекет» қоры мұқтаж отбасыларға ұн, қант, күріш, сұйық май, макарон өнімдерінен тұратын азық-түлік пакетін ұсынды.

Қайырымдылық шарасына ҚР Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы қатысты.

«Рамазан - үлкен тәрбие айы, сабырлылыққа, мейірімге, құлшылыққа бастайтын ай. Біз осы айда әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек жасаймыз. ҚМДБ үш үлкен бағытта жұмыс істеп жатыр. Соның бірі - жыл он екі ай қайырымдылық шарасын ұйымдастыру. Әрине, біздің мақсатымыз - қалталы азаматтарға осы әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға көмектесу қажеттігін жеткізу. Діни басқарманың көпір болуы арқылы көптеген мешіттерде осындай іс-шара жасалып жатыр. Жалпы, рамазан айында ауызашар жасауға облыстық мешіттердің өзінде орын жоқ. Бәрі алдын ала жазылып қойылған. Бұл дініміздегі үлкен бетбұрыс», - деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Бас мүфтидің айтуынша, мұндай қайырымдылық шаралар тек Рамазан айында ғана емес, жыл он екі ай бойы жалғасатын болады.

Ал тегін азық-түлікке мешітке жиі келіп, көмекке мұқтаж екендігін айтып отыратын отбасылар қол жеткізді.

«Бұл жерде біз әкімшіліктен тізім сұратқан жоқпыз. Көп жағдайда ондай отбасылар көмекке аса мұқтаж емес болып шығады. Сондықтан, біз жергілікті мешітке келп, жағдайын айтып, үнемі көмек сұрап жүретін жандарды іріктеп алдық», - деді Алматы мешіттерінің бірінің өкілі.

Соңғы жаңалықтар