Алматыда 2 жүкті әйел туберкулезге шалдыққан

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда биыл 2 жүкті әйел туберкулезге шалдыққан. Олардың бірі кесарь тілігімен босанды. Ал екіншісінің жүктілігін дәрігерлер тоқтатуға бел байлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова айтты.

Алматыда биыл екі жүкті келіншектен өкпе құрты ауруына шыққан.

Екеуі де індеттің жұқпалы формасымен ауырған.

«Екі келіншек те жүктіліктің 12-13 аптасында есепте тұрған. Ол кезде екеуінен де белгілер байқалмаған. Сонымен қатар, оларды рентгенге түсіру мүмкін болмағандықтан, ауру жасырын өрши берген. Біраз уақыттан соң жөтел, дене қызуының түспеу белгілері байқалды. Тексере келе екеуінде де өкпе құрты ауруы бары анықталды. Екі әйел ауруханаға жатқызылды. Олардың бірі босанып алды. Екіншісінің жағдайы ауыр болғандықтан, жүктілікті тоқтату туралы ойланып жатырмыз», - деді Әсел Қалықова.

Маманның айтуынша, босанған келіншектің баласы дін аман дені сау туылды.

«Бала туысымен нәрестені оқшаулап үйіне жібердік. Ал анасы туберкулез диспансерінде әлі ем қабылдап жатыр. Мұнда науқастар 7-8 ай емделеді. Алайда қазіргі дамыған емдеу әдістемесі бойынша адамдар ауруханада үнемі жатпайды. Баццила шығуын тоқтатқан кезде адамды амбулаториялық емге үйіне жібереміз», - деді Ә. Халықова.

Мамандардың мәліметінше, әйел адамның жүктілігі кезінде немесе босанған соң иммунитеті төмендеп кетеді. Стастистика бойынша жүктілер мен босанған әйелдер арасында аутоимунды инфекцияның пайда болуы екі есе жиілейді. Аутоимунды дегеніміз - жұқпа ешкімнен жұқпайды, өзінен өзі пайда болады.

Өкпе құрты ауруы жүктілер арасында түсік, темір жетіспеушілігі анемиясы, оттегі жетіспеушілігі, туберкулездік инфекциямен интоксикациялану процесіне алып келеді.

2017 жылы Алматыда 5 жүкті келіншек, 33 босанған әйел, 22 бала ауруға шалдыққан.

Ал, биыл 2 жүкті әйел, 16 босанған әйел, 19 бала, оның ішінде 9 мектеп жасына жетпеген бала тіркелді.

Соңғы жаңалықтар