Алматыда 2 мыңнан астам полицей коронавирусқа қарсы вакцина алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда екі мыңнан астам полиция қызметкері Covid-19-ға қарсы вакцинацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция департаменінің мәліметінше, Алматы полициясы қызметкерлерін вакцинациялау 10 наурызда басталды. Бір апта ішінде екі мыңнан астам тәртіп сақшысы коронавирусқа қарсы екпе салдырды.

«Бірінші кезекте – қатардағы бөлімдердің қызметкерлері: патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар және тәулік бойы кезекшілік ететін және алдыңғы қатарда тұрған ювеналды полиция өкілдері. Әрі қарай вакцинаны аудандық Полиция басқармаларының қызметкерлері алды, олар да тұрғындармен тығыз байланыста. Мақсат – жеке құрам арасында жұқтыру мен коронавирустық инфекцияның таралу қаупін болдырмау. Арнайы кесте жасалды, қызметкерлер қаланың әртүрлі емханаларына бөлінді – бұл өте ыңғайлы және кезектердің пайда болуын болдырмайды», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбдуали Нашарбеков.

Спикердің айтуынша, полицейлер үшін вакциналар жеткілікті. Наурыз айының соңына дейін Алматы қалалық ПД жеке құрамына вакцина егу жоспарланған.

«Мен вакцинаны жаңа ғана алдым. Бұған дейін мені мамандандырылған дәрігерлер қарады, олар қарсы көрсетілімдердің жоқтығын анықтады. Мен ең алдымен, жеке қауіпсіздік пен өмірім үшін, жақындарымның денсаулығы үшін жасадым. Сақтанғанды Құдай сақтайды! Полицияға алғашқылардың бірі болып тегін вакцинаны ұсынған әкімдікке рахмет», – деді Бостандық аудандық ПБ ювеналды полиция бөлімінің бастығы Толқын Сарқытқанова.

Соңғы жаңалықтар