Алматыда 2 мыңнан астам адам менингит күдігіне ілікті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Қазақстанның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Алматыдағы менингит ауруына қатысты ағымдағы жағдай туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, сенбі күні вице-министрмен Алматыға барып, барлық инфекциялық стационарларды аралап шықтық. Әріптестеріңіз де болды, инфекциялық ауруханаларда ешқандай қаптаған аурулардың жоқ екенін көрді. Тіпті, палаталар бос тұр. Қазіргі уақытта ауруханаларда орын жетпейді дейтіндей науқастар саны, ауруға шалдығу деңгейі жоғары емес», - деді ол Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне.

Оның айтуынша, өлім-жітімнің болуына науқастың көмекке кеш жүгінуі себеп болған.

«Барлық өлім-жітім ең бірінші кезекте науқастың кеш жүгінуінен болып отыр. Яғни, олар медицина қызметкерлеріне қаралуға асықпаған. Мәселен, соңғы оқиғада студент 3-4 күн бойы жатақханада жатып, дәрігерге қаралмаған. Ал дәрігерге келген кезінде кеш болды. Сондықтан да өлім-жітімнің басты себебі - медициналық қызметкерлерге кеш жүгіну», - деді Жандарбек Бекшин.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Алматыда 2,2 мың  адам тексеруге алынған.

«Қазіргі уақытта медицина қызметкерлерінің, билік органдарының жұмысы аталған тетіктің (жұқпаның тасымалдаушыдан таралуы) таралуын тоқтатуға бағытталып отыр. Осы мақсатта барлық таралу ошақтарындағы байланысы барлар есепке алынуда. Бүгінгі күні шамамен 2,2 мың адам тексеруге алынды. Олардың ішінде 2 тасымалдаушы мен 3 ауруға шалдыққан адам анықталды. Яғни, анықтау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Міне осы әдіс арқылы тізбекті үзбейтін боламыз», - деді Бас санитарлық дәрігер.

Жандарбек Бекшиннің дерегінше, ағымдағы жылы елімізде менингококк инфекциясын жұқтырудың 62 оқиғасы тіркелді. Оның 29-ы Алматыда, Шығыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында. Астанада 4-теу және Алматы облысында үшеуі тіркелген.

«Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде 8 өлім тіркелді. Оның 4-еуі Алматыда, ал Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында екіден орын алды. ОҚО-дағы жағдай қаңтар айында тіркелген болатын», - деді ол.

Айта кетейік, бас санитар ағымдағы жылы қажылыққа баратын 2 мың адамға менингитке қарсы екпе жасалатындығын да айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар