Алматыда 2 мың адамға арналған фестивальді ұйымдастырушы жауапқа тартылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда екі мың адамға арналған фестивальді ұйымдастырушы жауапқа тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

29 мамыр күні кешкі сағат 20.30 шамасында Медеу ауданы Нұрмағамбетов көшесінде мониторингтік топ Offtop club мекемесінің аумағында фестиваль өткізу фактісін анықтады.

Онда 2000-ға жуық адам әлеуметтік қашықтықты сақтамай, алаңда маскасыз болған.

«Shake fest фестивалінің алаңында Ashyq қосымшасында тіркеусіз кіру жүзеге асырылған. Мониторинг тобының өкілдері мекеме иесімен және фестиваль ұйымдастырушыларымен пандемия кезінде карантиндік шектеулерді сақтау туралы профилактикалық әңгіме өткізді. Алайда, клуб иесі түсініктеме жазудан және мекеме туралы ақпарат беруден бас тартты»,-деп хабарлады қалалық әкімдіктен.

Қазіргі уақытта істі аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына беру үшін қажетті материалдар дайындалған.

Сенбі күні белгіленген барлық 15 карантиндік шектеулердің бұзылуы анықталды. Тәртіп бұзушылар арасында Бостандық ауданындағы 100-ге жуық адам болған «Бочонок» бары да бар.

30-31 мамыр аралығында Алматыда 5 карантин бұзушы анықталды.

Мысалы, Алмалы ауданындағы «Astral Cyber Zone» компьютерлік клубында 40-қа жуық геймер болған. Белгіленген шектеулердің ішінде Медеу ауданындағы «bugz» компьютерлік клубы да тіркелді.

Биылғы жылдың 20 наурызы мен 31 мамыры аралығында Алматының мониторинг тобының өкілдері белгіленген шектеулердің 1034 бұзушылығын анықтады. Полиция басқармасына 3337 адам жеткізілді.


Соңғы жаңалықтар