Алматыда 2 айдың ішінде тағы бір инфекциялық госпиталь салынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев екі айдың ішінде салынған екінші модульді инфекциялық госпитальді аралап көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Госпитальдің 30 жансақтау палатасында 300 төсек-орын бар. Барлық төсектер медициналық газбен жабдықталған.

Мұндағы науқастардың жағдайы «ақылды» госпитальдың автоматтандырылған жүйесі арқылы нақтылы уақыт режимінде тәулік бойына қадағаланады. Бағдарлама қаланың медициналық ақпараттық жүйесімен және PACS-дағы барлық рентгендік, КТ және МРТ суреттеріндегі мәліметтердің цифрлық базасымен біріктірілген.

Клиника заманауи КТ, рентген, УЗИ аппараттарымен жабдықталған және жеке қуатты зертхана да бар, мұнда сараптаманың барлық түрлері, оның ішінде КВИ-дің ПТР диагностикасы да жасалады.


Госпиталь қауіпсіздігінің жоғары экологиялық класы ауаны тазарту жүйесін, оның ішінде жауын суын да залалсыздандыруды, медициналық қалдықтарды утилизациялауды қамтамасыз етеді.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев дәрігерлердің ойдағыдай жұмыс жасаулары үшін қаланың барлық жағдайларды жасайтынын атап өтті.

«Төрт айдың ішінде біз ең заманауи құрылғылармен жабдықталған үш аурухана салдық. Бұлардың барлығы қала тұрғындарының игілігі үшін қолданылуда», - деді Б. Сағынтаев.

Сонымен қатар, орталықты абаттандыру кезінде 2 га аумақ көгалдандырылды. Газон жасалып, қылқан жапырақты ағаштар отырғызылды. Б. Сағынтаев Jasyl Almaty бағдарламасы аясында қосымша ағаш көшеттерін отырғызуды тапсырды.

Бұған дейін, Алматының Түрксіб ауданында 500 орынды инфекциялық клиниканың ашылғандығы туралы хабарланған еді.

Сонымен қатар, таяу уақытта 200 орынды жеке ковидті госпиталдьдер ашылады, осылайша жаңа модульді госпитальді ескере отырып, мегаполисте КВИ науқастарын емдеуге арналған 1 мың жаңа төсек-орын пайда болады. 32 стационардың жалпы қуаттылығы 7226 орынды құрайды.

Айта кетсек, Алматының денсаулық сақтау жүйесін модернизациялаудың үш жылдық бағдарламасы аясында медицина ұйымдарының материалдық- техникалық базалары күшейтілуде. Мәселен, жыл басынан бері қарай 52 УЗИ аппараты, 38 рентген, 269 ӨЖЖ аппараты, 5 КТ, 2 МРТ аппараты сатып алынды. Сонымен қатар, 1300 көпсалалы медициналық төсек, 250 төсек жанындағы монитор, зертханалық құрылғының 43 бірлігі, 1050 оттегі концентраторы алынды.


Бұлардан өзге, жедел жәрдем қызметінің автопаркі 35 автомашинаға жаңарды, жыл соңына дейін тағы 100 жедел жәрдем көлігі алынатын болады. Бірінші эшелондағы сегіз стационарға медициналық газдың 24 мың төсек-орындық орталықтандырылған жүйесі орнатылуда. 17 стационарда ағын суды зарарсыздандыру, ал 13-де медқалдықтарды утилизациялау жүйелері салынуда.


Соңғы жаңалықтар