Алматыда 19 жаңа ғимарат коммуналдық меншікке берілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жыл басынан бері 19 жаңа ғимарат коммуналдық меншікке берілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингісінде қалалық Мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Серік Ибраев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, үш мектеп, алты көпқабатты үй, жедел жәрдемнің қосалқы стансасы, психиатриялық аурухана орталығының қосымша аймақтары, учаскелік полиция бекеттері мен сауда павильоны Алматы әкімдігінің коммуналдық меншігіне айналды.

Айта кетерлігі, қабылданған 19 объектінің жалпы құны 12 млрд 245 млн теңге.

«Бұл – жаңадан салынған нысандар. Олардың ішінде «Мамыр-1» шағынауданындағы 1200 орынды жаңа мектеп ғимараты, сондай-ақ №123 және 164 мектептердің қосалқы ғимараттары бар. Сонымен қатар үш жаңа денсаулық сақтау нысаны салынды. Олар – патологоанатомия бюросы, жедел жәрдемнің қосалқы станциясы, психиатриялық аурухана орталығының кеңейтілген аймақтары. Алты көппәтерлі тұрғын үй коммуналдық тұрғын үй қорына қосу үшін Тұрғын үй саясаты басқармасына, алты учаскелік полиция пункті Алматы Полиция департаментінің балансына, бір сауда павильоны Туризм басқармасына берілді», - деді спикер.

Сонымен қатар, 75 жылжымайтын мүлік объектісі республикалық меншіктен коммуналдық меншікке берілді.

Бұл тізімде Тұрғын үй саясаты басқармасына жекешелендіру үшін брілген 53 пәтер, Алматы теміржол ауруханасы, №9 Оқушылар үйіне бір ғимарат, Жетісу ауданындағы балаларға арналған орталық ашуға арналған ғимарат, Полиция бөлімінің емханасы, Арнайы жедел отрядтың взводы орналасатын бір ғимарат және басқалары бар.

Басқарма басшысы жалпы құны 99,8 млн теңге болатын үш нысан сыйлық келісімі бойынша қабылданғанын айтты.

«Бұл Алмалы ауданындағы «Арка» өнер объектісі, сонымен қатар М.Төлебаев көшесі 25/18 мекенжайдағы ғимарат, ол қазір дайындық сыныптарын ашу үшін білім басқармасына бекітілген. Ал үшінші объект - Амангелді көшесі, 68А ғимараты, онда «Баум тоғайының» және оны жасаушылардың тарихына арналған мұражай экспозициясын құру жоспарда. Сонымен қатар гербарий қоры болады. Ғимарат «Медеу» МАТП балансына берілді»,- дейді ол.


Соңғы жаңалықтар