Алматыда 18 мамырдан бастап қандай ұйымдар жұмыс істейді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 18 мамырдан бастап туроператорлар, ұялы байланыстың абоненттік бөлімшелері, екінші деңгейлі банктер және қаржы секторының басқа да ұйымдарының қызметінен шектеулер алынып тасталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, бұл тағы 34,2 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Дегенмен, қалада карантиндік шаралар әлі де жалғасуда.

«Туроператорлардың, ұялы байланыстың абоненттік бөлімшелерінің және қаржы секторы компанияларының жұмысы келесі алгоритм бойынша жүзеге асады: Ең алдымен, Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысының ережелерімен танысу керек. Сосын міндетті әлеуметтік қашықтық, жұмыс орындарындағы қатаң санитарлық режим сияқты ереже талаптарына сәйкес нысанды дайындауға міндеттеледі. Дайындық жұмыстары сәтті аяқталғаннан кейін infoalmaty.kz сайтында тіркеліп, нысанның ережелердің талаптарына сәйкес дайындалғанын растап, электронды цифрлық қолтаңбамен хабарламаға қол қою арқылы кәсіпорында жазылған нормалардың сақталуына кепілдік береді. Тікелей жұмыс орнында қажет қызметкерлер санын осы ұйымдардың жетекшілері дербес анықтайды», - деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасынан.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Алматыда аудит өткен жағдайда жеке тұрған сұлулық салондары мен білім беру орталықтары, өнеркәсіп және құрылыс саласындағы объектілер, жобалау ұйымдары, сондай-ақ үйге жеткізу қызметі, ТЖО, шиномонтаж, көлік жуу және автосалондар, ұйымдастыру техникасын жөндеу және жарнама агенттіктері жұмысынан шектеу алынып тасталған болатын.

Көлік және қойма, Ақпарат және байланыс, қаржы қызметтері (50% - екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары, сақтандыру компаниялары, брокерлер, ломбардтар, айырбастау пункттері), бизнеске арналған кәсіби қызметтер, фотосалондар мен гүл павильондары, шаштараздар, жылжымайтын мүлік бойынша жасалатын операциялар жөніндегі компаниялар, баспа қызметі, аяқ киім жөндеу және химиялық тазалау, кір жуу, 500 шаршы метрге дейін азық-түліктік емес дүкендер аудитсіз, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындап қана жұмысын бастап кеткен болатын.

Соңғы жаңалықтар