Алматыда 18 970 бала жазғы лагерьде демалатын болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда биыл бірінші сауықтыру кезеңінде мектеп жанындағы жазғы лагерьлерде 18 970 бала демалатын болды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне қалалық Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Еркін Дүрімбетов айтты.

«Алматыда биыл бірінші сауықтыру кезеңінде, яғни, маусымда 175 мектептің жанынан жазғы демалу лагерьлері ұйымдастырылды. Онда 18 970 бала демалады. Олардың ішінде 156 лагерьде 11 632 бала ыстық тамақпен, 8 лагерьде 834 бала күндізгі ұйқымен, 19 лагерьде 7 338 бала ойын алаңымен қамтылған. Мектеп жанындағы лагерьлерде тағам режимін жасау, оқушыларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша департамент қызметкерлері лагерь басшыларымен кеңестер мен жиналыстар өткізді», - деді Е.Дүрімбетов.

Сондай-ақ, оның айтуынша, қалалық Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті білім және денсаулық басқармаларымен біріге отырып, асқынған ауруы бар оқушыларды емхана жағдайында тұрақты түрде сауықтыру бойынша ауқымды жұмыстар атқаруда.

«Бұл бағыттағы жұмыс 2010 жылы басталған. 2013 жылға дейін 8 428 алматылық оқушы сауықтыру шарасынан өтті. 2012 жылдан бастап сауықтыру процесіне стоматологиялық көмек енгізіліп, 134 оқушы аталған көмекті пайдаланды. Сондықтан, перзентін мектеп жанындағы лагерьге бере отырып ата-аналар балаларының денсаулығын да жөндеуге мүмкіндік алады», - деп қорытындылады департамент басшысы.

Соңғы жаңалықтар