Алматыда 1700 бала жаңа жылдық қойылымды тамашалады
2019 жылғы 26 желтоқсан 16:08

Алматыда 1700 бала жаңа жылдық қойылымды тамашалады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда 1700 балаға жаңа жылдық мереке ұйымдастырылды. Шырша тойы Орталық циркте сайқымазақтар мен ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен басталды. Балдырғандарды Аяз ата мен Ақшақар құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырған шараға балалар үйінің тәрбиеленушілері, мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасы балалары қатысты. Олардың арасында озат оқушылар да бар.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың атынан балаларды Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров құттықтады.

«Жаңа жыл – ең алдымен балалардың мерекесі, өйткені олар сиқырға сенеді. Сендер – тәуелсіз Қазақстанның болашағысыңдар.Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген сендер жас мемлекетімізбен бірге өсіп келсіңдер. Сендерге денсаулық пен бақыт тілеймін, алға қойған мақсаттарыңа жетуге ұмтылыңдар», – деді жаңа жылдық қойылымға қатысқандарға Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.

Кішкентай көрермендер үшін лазерлі шоу ұйымдастырылды. Цирк артистері мен шоу-балет «Жаңа жылмен, Алматы!» вокалды-хореографиялық қойылымын көрсетті. Барлық балаларға сыйлықтар таратылды.

Бұған дейін өткен қала әкімінің шыршасына 200 бала қатысқан болатын.

Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT