Алматыда 17 жалған диплом мен аттестат анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда білім алғаны туралы дипломдар мен олардың қосымшаларының, аттестаттардың, барлығы 17 құжаттың түпнұсқалығы расталмады. Оны адамдар шетелге шығар кезде білген.

Бұл туралы Алматы қалалық Білім саласындағы бақылау департаменті Өңірлік коммуникациялар қызметінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Департамент басшысы Гүлнар Ермекбаеваның сөзіне қарағанда, құжаттарды апостильдеу барысында 17 құжаттың жалғандығы анықталды.

"Бізге шетелге шығатын азаматтар құжаттарын апостильдеуге, нақтылауға 17 құжат өткізді. Олар дипломдарын, аттестаттарын,  кандидаттық және докторлық диссертацияларын тексертті. Оның ішінде 17 құжаттың түпнұсқасы табылмады. Былтыр 12 құжат болса,  биыл 5 құжат. Олардың барлығы Ішкі істер департаментіне жолданды",- деді Гүлнар Ермекбаева.

Білім сапасын сырттай бақылау бөлімінің басшысы Сапаров Ғайнаттың айтуынша, олардың арасында бірқатар ЖОО бар.

"Бұл құжаттар түрлі себептермен расталмауы мүмкін. Адамдар 1999-2000 жылдар арасында диплом сатып алған. Оның барлығына ЖОО айыпты емес,  көшеден сатып алуы да мүмкін. Атап айтқанда,  Спорт және туризм академиясы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы халық шаруашылығы институты, лингвистикалық гимназия құжаттары расталған жоқ. Бәлкім  көп құжат архивте жойылып  кетті ме, әлде оқу орындары жабылып қалды ма, соны да ескеру керек", - деді Ғайнат Сапаров.

Департамент басшысы Гүлнар Ермекбаева департамент жұмыстарының басым бағыттары, білім беру қызмет сапасын арттыру, лицензиялау мәселелері, мектептің білім беру саясатын бақылау туралы айтты.

Соңғы жаңалықтар