Алматыда 165 көшенің атауы өзгертіледі

None
None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - Алматыда 165 көшенің атауы өзгертіледі. Бұл туралы қалалық Тілдерді дамыту, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Мамай Ахетов мәлімдеді.

«Соңғы жүргізілген сараптама барысында қала бойынша атауы қайталанатын 165 көше бар екендігі анықталды. Оның ішінде Абай көшесі 3 рет, Мұхтар Әуезов атауы 2 рет, Клочков атауы 2 рет кездеседі. Мұндай келеңсіздіктер қаладағы шұғыл қызмет өкілдеріне жұмыс істеуге қиындық туғызады. Соның ішінде 50 көшенің атауы тарихи тұрғыдан ескірген», - деді қалалық Тілдерді дамыту, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Мамай Ахетов. Оның айтуынша, 2010 жылдан бері қалада ономастикалық атауларды өзгертуге мораторий жарияланған болатын. Аталған мораторий 2013 жылдың 21 қаңтарында «Кейбір заңнамалық актілерге ономастикалық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жарық көруіне байланысты алынып тасталды. «Ескі заңнама бойынша ономастикалық атауды жергілікті ономастикалық комиссия қарап, мәслихатпен бекіте беретін. Жаңа заңнама бойынша бұл процедура бірнеше деңгейге күрделенді. Енді жергілікті ономастикалық комиссия республикалық комиссияға жібереді. Содан кейін барып, мәселе мәслихатта шешілетін болады. Бірінші кезекте халықтың ұсынысы ескерілетін болды. Бірақ, көшелерге тек қазақ еліне сіңірген еңбегі мол, әрі дау туғызбайтын тұлғалардың есімдері беріледі», - қалалық Тілдерді дамыту, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Мамай Ахетов.

Соңғы жаңалықтар