Алматыда 160 отбасы жаңа пәтер алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Конституция күніне орай 160 отбасы жаңа пәтер алды. Алматылықтарға жаңа баспана кілтін қала басшысы Ахметжан Есімов табыстады.

Әуезов ауданында бой көтерген 16 қабатты жаңа үй қалалық «Ескі баспана» бағдарламасы бойынша салынды. Енді Жандосов көшесінде орналасқан 14 ескі үй толығымен сүріліп, орнына жаңа коммерциялық үй салынатын болады.

«Осыдан екі жыл бұрын қабылданған «Ескі баспана» бағдарламасы 2012-2015 жылдарға арналған. Бағдарлама бойынша ескі үйдің тұрғындары жаңа үйге қоныс аударған соң, сүрілген үйлердің орнынан коммерциялық үйлер бой көтереді. Ол үйлердің сатылымынан түскен қаржы бағдарлама бойынша үй салуға кеткен шығынды толығымен ақтайтын болады»,- деді «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС директоры Мазан Серғазин.

Жобаның тиімділігі туралы қала басшысы Ахметжан Есімов те айтып өтті.

«Біз биылғы жылдың қорытындысы бойынша бағдарламаны жүзеге асыру уақытын жалғастырамыз деп отырмыз. Өйткені, бұл бағдарламаның схемасы өте қарапайым. Жаңа үйге салынған ақша мемлекет қазынасына қайта келеді. Экономикалық тұрғыдан бағдарлама өз тиімділігін көрсетті. Осылайша қаладағы ескі үйлердің де проблемасын шешуге болады», - деді қала басшысы.

Әкімнің айтуынша, былтыр қалада аталған бағдарлама бойынша 7 үй пайдалануға берілген.

«Биыл 17 үй салынса, келесі жылы 37 үй бой көтереді деп жоспарлап отырмыз. Сонда жылдан-жылға тозған үйлердің орнынан жаңа үй салынатын болады», - деді А.Есімов.

Қала әкімі жаңа пәтер иелерінің қоныс тойына арнап жайған дастарханынан дәм татып, шаңырақтарына құт-береке тіледі.

Соңғы жаңалықтар