Алматыда 14 елдің онкологтары қатерлі ісік дертінен емдеу жолдарын талқылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ТМД мемлекеттері балалар онкологиясы саласы сарапшылары балалардың игілігі үшін ортақ күшті біріктіру мақсатында бас қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

8-9 қазанда Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік кеңсесінің қолдауымен ТМД мемлекеттері (Еуразиялық аймақ) балалар онкологиясы саласы сарапшыларының екінші кездесуі өтті.

14 ел сарапшылары Еуразиялық аймақтағы елдер арасында онкологиялық дертке шалдыққан балалардың өмір сүру ұзақтығын жақсарту, балалар онкологиясы және гематологиясы саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу, балалар онкологиясындағы ортақ мәселелерді шешу, бүгінгі жағдайын сараптап, дамудың дұрыс жолын айқындауды талқылады.null 

Халықаралық деңгейде өткен кездесуге ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері, Американың онкологиялық ауруларды емдейтін ең жетекші клиникасы болып табылатын Әулие Иуде (Сент Джуд) балалар госпиталінің бірінші басшылары мен дәрігерлері (St. Jude Global Alliance), Қазақстандағы онкологиялық және гематологиялық қызметтің дамуына зор үлес қосып келе жатқан Ресейдің Д. Рогачев атындағы балалар гематологиясы, онкологиясы мен иммунологиясы федералдық ғылыми-клиникалық орталығы, Беларусь елінің Балалар онкологиясы, гематологиясы мен иммунологиясы ғылыми-практикалық орталығының басшылары мен онколог-дәрігерлері келді.

Сондай-ақ Молдова, Украина, Грузия, Армения, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Моңғолия, Қазақстан, Қырғыз елдерінің онкология және гематология саласының жетекші мамандары мен сарапшылары қатысты.null

Еске сала кетейік, бірінші кездесу 2018 жылдың 23-25 сәуір күндері аралығында Мәскеу қаласындағы Д.Рогачев атындағы балалар гематологиясы, онкологиясы мен иммунологиясы федералдық ғылыми-клиникалық орталығында өткен еді.

«Бүгінгі кездесудің Қазақстан балалар онкологиясы мен гематологиясы саласы үшін маңызы зор. Әлемдік стандарттарға сай, сапалы жоғары технологиялық медициналық көмекпен қамтамасыз ете отырып балалардың денсаулығын қорғау мен нығайту Педиатрия орталығының басты мақсаты. Қазақстандағы онкологиялық және гематологиялық қызметтің дамуына зор үлес қосып келе жатқан Ресейдің Д. Рогачев атындағы онкологиялық орталыққа, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына және Американың Сент Джуд балалар госпиталіне бүгінгі маңызды шараны ұйымдастыруға мұрындық болғандары үшін үлкен алғысымды білдіремін. Бұл кездесу балалар онкологиялық қызметінің дамуына тың серпін беріп, Еуразиялық аймақ сарапшыларының ынтымақтастығын одан әрі арттыра түседі деп сенемін», - деді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Риза Боранбаева.

 «Өкінішке орай, бүгінгі күні қатерлі онкологиялық аурулар әлем бойынша балалар өлімінің жиілеуіне соқтырып отыр. Және ол ТМД елдерінде де орын алуда. Біз жетекші орталықтардың халықаралық сарапшылармен ынтымақтаса отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен әр мемлекеттің қолдауы арқылы қатерлі дертке шалдыққан балалардың өмір сүруін ұзарту көрсеткішін жақсартуды мақсат етіп отырмыз. Біздің біріккен командамыз бұл мақсатқа бірге жете алады деп үміттенемін», - деді Әулие Иуде (Сент Джуд) балалар госпиталінің өкілі Ася Агульник.

  null 14 елден келген мамандар алдағы уақытта қатерлі ісік пен ақ қан ауруына шалдыққан балалардың өмір сүру ұзақтығын жақсарту жолында күш біріктірмек. Жиын барысында біріккен жоба жоғары сапалы медициналық көмекті алуға мүмкіндік жасайтын, онкологиялық ауруларға шалдыққан балалардың өмір сүру ұзақтығын жақсарту жолындағы жаһандық бастаманы іске асырудағы алғашқы қадам екендігі атап өтілді. Кездесуде қатысушылар балалар онкологиясы және гематологиясы саласындағы өзекті мәселелерді талқылап қане қоймай, бүгінгі жағдайын сараптап, өзара пікір алмасты.

Екі күн бойы өткен жиында әр елдің мамандары балалардағы қатерлі ісік ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдіс-тәсілдерімен, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудағы тәжірибелерімен бөлісті.null

 «Біз Қазақ еліне бірінші рет келіп отырмыз. Келуіміздің басты мақсаты жаһандық деңгейде барлық балаға қатерлі дертті жеңуге көмектесу. Біз әлемдегі әр баланың өз жасына жетпей өмірден өтпеуі керек деп санаймыз. Және бұл мәселені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдына қойған едік. Аталмыш ұйымның қолдауымен өтіп жатқан бүгінгі шара осы мақсаттың алғашқы қадамы. Біз барлық ТМД елдеріне өз көмегімізді көрсеткіміз келеді. Атап айтқанда, дәрігерлер мен мейірбикелердің біліктіліктерін арттыру, білім беру, ғылымды дамыту, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеу әдіс-тәсілдерімізбен, технологияларымызбен  бөлісуге әзірміз», - деді Американың Сент Джуд балалар онкологиялық госпиталінің вице-президенті Карлос Родригез-Галиндо.null

Ол Қазақстанның балалар онкология саласының деңгейін жоғары бағалады.

«Бүгін Педиатрия орталығын аралап, жұмыс барысымен танысып, онкология мен гематология және трансплантология бөлімдерінде болдық. Балалар үшін жоғары деңгейде барлық жағдайлар жасалған екен. Барлығы көңілімізден шықты. Әсіресе, орталықтандырылған жүйесі мен емдеу сапасына тәнті болдық», - деді К.Родригез-Галиндо.

ТМД елдері ішінде Қазақстанда алғаш рет әр елден келген мейірбикелер үшін қатерлі дертке шалдыққан науқастарға жалпы және мамандандырылған палиативтік көмек көрсету ерекшеліктері бойынша оқыту дәрісі өткізілді. Бұл дәріс алдағы уақытта он-лайн режімінде жалғасын таппақ. Алынған білім өз кезегінде мейірбикелерге науқастардағы аурулардың ерекшелігін ескере отырып, терапиялық, алдын алу, диагностикалау және оңалту шараларын жүзеге асыруда көмектесері сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар