Алматыда 14 адамнан тұратын қарулы қылмыстық топ құрықталды - ІІМ

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Өткен аптада Алматы қаласында ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының атқарған шаралары барысында 14 адамнан тұратын ұйымдасқан бандалық қарулы құрылым құрықталды. 

Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен дәстүрлі брифинг барысында ведомство баспасөз қызметінің басшысы Қуанышбек Жұманов мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы қылмыстық топқа қатысты жедел шараларды жүзеге асыру барысында олардың кезекті қылмыстық әрекетінің жолы кесілді. Атап айтқанда, қылмыстық топтың 3 мүшесі Алматы қаласы маңындағы саяжай учаскелерінің бірінде қаланың орталығынан айдап әкетілген «Ланкрузер» автокөлігін сату үстінде ұсталды. Ал келесі күні «Сұңқар» және «Арлан» арнайы бөлімшелерін қатыстыра отырып, одан әрі жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде Алматы қаласының Дубок-2 шағын ауданындағы үйлердің бірінде осы топтың тағы да 11 мүшесі ұсталды. Ұсталғандардың барлығы Алматы облысының тұрғындары болып шықты», деді Қ. Жұманов.

Мәліметтерге қарағанда, ұсталғандардың үйін тінту барысында олардан 2 «Калашников» автоматы, 2 «ТТ» тапаншасы, 2 «ПМ» тапаншасы, 1 «Стечкин» тапаншасы тәркіленген. Тапаншалардың екеуіне дыбыс шығармайтын қондырғы кидірілген. Бұдан басқа, 4 зымыранша, 7 граната, 18 жару пакеттері, автоматтар мен тапаншалардың 1000-нан астам оқ-дәрілері, 2 бронежилет, 2 кастет, 2 рация, 8 бетперде алынған.  Сонымен бірге, олардың уақытша тұрып жатқан үйінен еш құжаты жоқ, қымбат бағаланатын 4 автокөлік табылып, бұл көліктердің ұрланған ретінде іздеуде тұрғандығы анықталды.

 «Бес қаруын» сайлап алған қылмыстық топ техникалық құралдар мен радиостанцияларды пайдаланып, ауыр қылмыстарды жасау кезінде құқық қорғау органдары қызметкерлеріне жасырын бақылауды қамтамасыз еткен. Бандалық құрылымның негізгі әрекеті дәулетті азаматтарға, қымбат автокөліктердің жүргізушілеріне атыс қаруын қолдана отырып, қарақшылық шабуыл жасау болып табылған.

Қазіргі күні қылмыстық топтың 2008 жылғы қазан айында «Оазис» дәмханасында Талдықорған қаласының үш тұрғынына қастандық жасағаны, 2008 жылдың қаңтар айында Алматы қаласы, Ақсай шағын ауданындағы «Назерке» дәмханасында азаматтарды оқпен жарақаттау қылмыстарына қатыстылығы анықталуда. Топ мүшелерінің ішінде кісі өлтіргені үшін мемлекетаралық іздеуде жүрген қылмыскер де бар болып шықты.

Қазіргі уақытта ұйымдасқан топ мүшелері көптеген қарақшылық шабуылдар жасағанын және қымбат автомашиналарды айдап әкеткен қылмыстарын мойындады. Сондай-ақ, банда құрылымының барлық мүшелері атыс қаруын қолданумен жасалған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. 

Соңғы жаңалықтар