Алматыда 1200-ден астам адамды кене шақты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 1 адамнан кене энцефалиті табылды. Бұл ақпаратты «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» РМК мамандары таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мамандардың айтуынша, биыл Қазақстанда 4 өңірдің тұрғындарын кене шаққан.

Атап айтқанда, Алматыда 1230 адамды, Алматы облысында 2121 адамды, Шығыс Қазақстанда 1389 адамды, Ақмола облысында 91 адамды кене шаққан.

Оның ішінде Алматыда 1 адам кене энцефалиті ауруын жұқтырған.

«Қауіпті жәнтіктің шағуынан кене инфекциясына шалдығу қаупі туындайды. Мысалы, орталық жүйке жүйесін зақымдайтын ауыр инфекциялық кесел - кене энцефалиті адамның мүгедектігіне немесе өліміне апарып соғуы мүмкін. Дегенмен, бұл кенелер тарата алатын жалғыз ғана жұқпалы дерт емес. Кене энцефалиті мен кене боррелиозы жөлек кенелерден жұғады. Боррелиоз бірден байқалмайды. Біріншіден, кене шаққан адам өзіне төнген қауіпті байқамайды немесе медициналық көмекке бірден жүгінбеуін атауға болады. Екіншіден, медициналық мекемеде қате диагноз қойылуы болуы мүмкін. Себебі кейде профильді емес мамандар сақина тәрізді эритема сияқты анық белгіні кене шағуына аллергиялық реакция деп бағалауы мүмкін. Бұған қоса, жәндік шаққан жерде ешқандай өзгеріс болмайтын эритемасыз түрі де жиі кездеседі. Оның нәтижесінде аурудың бастапқы кезеңі дер кезінде анықталмай қалады. Бірінші инфекция вирустық, екіншісі бактериалдық сипатқа ие. Осылайша, кене шаққан адам кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин ғана емес, сонымен бірге боррелиозға қарсы профилактикалық ем де қабылдауы қажет. Емдік сарысумен аурудан сақтандыру пунктіне барумен ғана шектелмей, инфекционист-дәрігердің кеңесін алған жөн. Қосымша ретінде кене энцефалитін ерте анықтау үшін келесі үш апта бойы күн сайын дене температурасын өлшеген дұрыс. Егер қызу көтерілсе, шұғыл дәрігерге қаралу қажет. Ауру белгілері байқалмаған жағдайда 21 күннен кейін ғана алаңдамауға болады. Бұған қоса, кене шаққаннан кейін 2-3 аптадан соң кене боррелиозына қан тапсыру керек», - деді С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының профессоры Равиля Егембердиева.

Мамандардың сөзінше, сақтық үшін  - табылған кенені зертханаға тапсырған дұрыс. Онда кене энцефалитін қоздырушының бар-жоғын анықтауға болады.

Аталған институттың паразитолог- маманы, б.ғ.д. Жанна Шапиеваның айтуынша, былтыр кене энцефалитін жұқтыру бойынша - 35, ал кене боррелиозына шалдығу бойынша12 оқиға тіркелді.

Биыл боррелиозға Шығыс Қазақстан облысынан 5 адам, Алматыдан 1 адам шалдыққан.

Соңғы жаңалықтар