Алматыда 11 мың адам психикалық, наркологиялық есепте тұр

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы психикалық денсаулық орталығында түрлі психикалық және наркологиялық кеселге шалдыққан 11 мың тұрғын тіркеуде тұр. Бұл туралы орталықтың бас директоры Сапар Рахменшеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің айтуынша, орталықта емделушілердің уайымнан дегбірі қашып, ұйқысынан айырылған науқастар тамақ жеуден бас тартады. Адам тез жүдейді. Нәтижесінде науқастың ағзасы әлсіреп, ары қарай анорексия, кахексия секілді созылмалы ауруларға шалдығады.

- Күйзелістің түрі көп. Соның бірі күйзелістен жабырқап, өмірден түңілгенде арақ ішіп, есірткіге әуес болып, есті улайтын заттарға үйір болады. Олар өзінің жанын жегідей мазалаған сырқаттан осылай құтыламын деп үміттенеді. Сонымен бірге үнемі күліп жүрген адамдарда да күйзеліс болады. Олар өзінің жан дүниесін алай-түлей еткен мазасын күйді жасыру үшін жымиып жүреді, - дейді дәрігер.

Ол сырқаттан емделудің жалғыз жолы кәсіби мамандардың көмегіне жүгіну қажет екенін айтты.

- Күйзелісі асқынған кезде науқас адам ұзақ уақыт бойы ұйқысынан айырылады. Мидың тынымсыз қызмет етуі салдарынан науқас түрлі дауыстарды естиді. Кейбіреулер өзін басқа әлемде жүргендей елестетеді. Олар шынайы өмірден жырақтап кетеді. Адамның мінез-құлқында, сөйлеген сөзі де өзгереді. Мұндай ауытқушылық байқалған кезде, ұйқысыздық мазалағанда біздің орталыққа келу керек. Кәсіби мамандар психологиялық көмек көрсетеді,-деп сөзін түйіндеді Сапар Рахменшеев.

Айта кетейік, Алматы қаласының психикалық денсаулық орталығында сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. 8-722- 376-5660, 8-708-983-28-63, 1303 нөмерлерін теріп, клиникалық психологтардан кеңес алуға болады.


Соңғы жаңалықтар