Алматыда 11 мың абонентке ауыз су беріп отырған ұңғымалар талапқа сай емес

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті тұрғындарға ауыз су беріп отырған жекеменшік ұңғымаларды тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, Алатау, Наурызбай және Медеу аудандарында барлығы 11 мың 200 абонентке су жеткізіп отырған 33 жеке ұңғыманың санитарлық талапқа сай болуы тексерілген. Бұл ұңғымалардан 4 мың жеке үйге, 3 коттедж қалашығына және бір тұрғын үй кешеніне су беріледі.

Жүргізілген ревизия нәтижесінде, жеке ұңғымалар санитарлық ережелердің талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталды.

Ұңғымалардың кейбірінде айналасындағы аумақ қоршалмаған, абаттандырылмаған, бірінші санитарлық қорғау аймағы (қатаң режим) қарастырылмаған. Зарарсыздандыруға арналған қондырғылар орнатылмаған. Яғни осы ұңғымалардан берілетін судың сапасы мен қауіпсіздігіне өндірістік зертханалық бақылау жүргізілмейді. Сондай-ақ ұңғымалардың халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге және гигиеналық нормативтерге сәйкес келетіндігі туралы қорытындылар жоқ.

Департамент бұл ұңғымалардың қызметін уақытша тоқтату үшін іс материалдарын бұған дейін де сотқа жіберген.

«2008 жылы - Әуезов ауданында, 2009, 2010, 2018 жылдары - Алатау ауданында, 2012 жылы Медеу ауданында орналасқан бірқатар нысанның жұмысын уақытша тоқтату туралы арыз түсірілген болатын. Бірақ сот шешімі шыққанына қарамастан, сот орындаушылары үкімді іске асыруға асықпаған. Бұл туралы Сот орындаушылары департаментіне де айтылған, бірақ жағдай өзгерген жоқ», - делінген таратылған хабарламада.

Бүгінде 33 ұңғыманың 9-ы санитарлық талаптарға сәйкес келтірілді. Ұңғымалар аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының бақылауына алынды және жылына бір рет тексеріліп тұрады.

Алматы әкімдігінің шешімімен Әуезов ауданындағы Алтын бесік шағын ауданы қалалық сумен қамту және суды ағызу жүйелеріне қосылатын болады.

Микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкес келмейтін судың үлес салмағы 0,2%, санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік жоқ.

Атап өтілгендей, суды тұтыну факторларына байланысты Алматыда жұқпалы аурулар бірнеше жылдан бері тіркелмеген.  

Тұтынушылар  жағымсыз иіс, дәм, су түсінің бұзылуын анықтаған жағдайда, Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау органдарына жүгінуге құқылы.

 

Соңғы жаңалықтар