Валюта бағамдары:
    usd/kzt 472.17 eur/kzt 495.5

    rub/kzt 7.57 cny/kzt 67.74
Ауа райы:
Астана-15-17℃
  Jańalyqtar  >

Алматыда 104 отбасы бала асырап алды

2022 жылғы 28 қыркүйек, 21:49

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бала асырап алу агенттігінің көмегімен 128 бала 104 отбасына орналастырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингіде «Ана үйі» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ажаркүл Қылышбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бала асырап алу агенттігінің көмегімен 128 бала 104 отбасына орналастырылды. 1519 адам алды, 361 алматылық бала асырап алушы ата-ана мектебінен өтті», - дейді Ажаркүл Қылышбаева.

Спикердің сөзінше, Неке және отбасы туралы кодекске енгізілген нормаға сәйкес, сотта бала асырап алу рәсіміне дейін азаматтар міндетті түрде психологиялық дайындықтан өтуі тиіс. Бұл дайындықтан өту туралы сертификат бала асырап алғысы келетіндерге қажетті құжаттар тізіміне енгізілген.

«Жауапты қадамға – баланы балалар үйінен алуға шешім қабылдағандардың барлығы міндетті түрде психологиялық даярлықтан өтуі қажет. Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттікте бұл дайындық Асырап алушы ата-аналар мектебінде жүргізіледі», - дейді ол.

Мектептің жұмысы туралы психологиялық қызметтің үйлестірушісі Дарья Ушаева айтып берді.

«Үміткерлердің шамамен 25% асырап алушы ата-аналар мектебінен өту кезінде тексеруден шығып кетеді. Біз асырап алушы ата-аналар мектебі өз ресурстарын бағалау, әлеуетті асырап алушылар не нәрсеге дайын екенін түсіну, патронат ата-ана болу деген не және асырап алынған баланы тәрбиелеу деген не екенін білу маңызды қадам екенін түсінеміз. Кейбір үміткерлер асырап алушы ата-аналар мектебінен өту кезінде олардың алғашқы идеялары шынайы жағдайдан ерекшеленетінін түсінеді және шешім қабылдайды. Біреу тайм-аут алады, біреу қосымша терапиядан өтеді, ал біреу мүлдем бас тартады. Адамдарда терең ішкі жан дүниелік жұмыстар өтеді», - дейді Д. Ушаева.

Сонымен қатар бала асырап алуға үміткерлермен психологтар жұмыс істейтіні атап өтілді.

«Өкінішке орай, асырап алған балалар жетімдер үйіне қайта оралып жатады. Қайтару – орын алып тұратын жағдай, сондықтан да Асырап алушы ата-аналар мектебі құрылды және асырап алушы отбасыларға бағыт-бағдар беріледі. Елімізде баланы қайтару жағдайлары 5% жуық», -деп толықтырды спикер.

Сондай-ақ «Ана үйі» қоғамдық қоры мүгедек балаларды отбасыларға орналастыру қиынға соғатынын да атап өтті. Сондықтан 2022 жылы азаматтарды ынталандыру және мүгедек балаларды асырап алған патронаттық отбасыларды қолдау мақсатында балаларды оңалту пилоттық бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған.

Пилоттық жобаны іске асыру аясында асырап алушы отбасыларға мынадай қолдау көрсетіледі:

- балаларды медициналық оңалтуға және түзетуге ақы төлеу;

- қажет болған жағдайда балаларды жедел емдеуге ақы төлеу;

- атаулы қаржылық көмек көрсету.


Автор:

Алма Мұқанова

Новости по теме
Серіктестер жаңалықтары