Алматыда 10 мыңнан астам тұрғын емхана ауыстырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Елімізде азаматтарды емханаға тіркеу науқаны аяқталды. Екі айға созылған дәстүрлі науқан барысында 10 мыңнан астам алматылық емхана ауыстырды. Бұл туралы бүгінгі брифингіде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдын ала деректерге қарағанда, Алматы қаласында тіркеу науқанына қатысқан тұрғындар саны өткен жылмен салыстырғанда кішкене өскені байқалады. Биыл медицина мекемесін таңдау құқығын 10 мыңнан астам адам пайдаланды. Олардың бәрі тіркеу туралы өтінішті egov.kz электронды үкімет порталы арқылы берді. Соңғы бірнеше жылдан бері емханаға тіркеу науқаны кезінде басқа емханаға ауысатын тұрғындар саны едәуір қысқарғаны рас. Мұның өзіндік себептері де бар»,- дейді спикер.

Біріншіден, соңғы жылдары тіркеу науқаны электронды үкімет порталы арқылы жүргізіліп келеді. Процесс толығымен автоматтандырылды. Бұл жылдар бойы дауға айналып келген «сырттай тіркеу» проблемасын түбегейлі жойды деуге болады.

Екіншіден, емхананы еркін таңдау құқығын белсенді түрде пайдалана бастаған жұртшылық тіркеу кампаниясын күтіп отырмай-ақ өзіне қажетті медицина ұйымына тіркеле береді.

Оның айтуынша, биылғы тіркеу науқанына 79 емхана қатысты.

« Барлығы 79 емхана қатысты. Оның ішінде 40 емдеу мекемесі жекеменшік. Бесеуі мемлекеттік тапсырыс пен МӘМС пакеті шеңберінде қызмет көрсетушілер тізіміне жаңадан қосылғандар. Бұл мемлекеттік емханалардың жүктемесін азайтып, халықтың таңдау мүмкіндігін арттырары сөзсіз»,- дейді Тілеухан Әбілдаев.

Сонымен қатар, ол алдағы уақытта науқанға қатысқан емханалардың құжаттары тыңғылықты тексерілетінін атап өтті.

«Қор олармен 2022 жылға келісімшарт бекітетін болады. Азаматтар ауыстырған емхана көмегіне келер жылдың 1-қаңтарынан бастап жүгіне алады, оған дейін бұрынғы емханада қаралады»,- дейді филиал басшысы.


Соңғы жаңалықтар