Алматыда 10 мың тұрғын емхана ауыстырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Елімізде азаматтарды емханаға тіркеу науқаны аяқталды. Жыл сайын 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өтетін дәстүрлі науқан барысында 10 мыңға жуық алматылық емхана ауыстырды. Бұл туралы бүгінгі брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішісі.

Оның айтуынша, биылғы тіркеу науқанына 77 емхана қатысты, оның 4-еуі - жаңа. Аталған клиникалар 2021 жылдан бастап халыққа қызмет көрсете бастайды.

«Емхана ауыстырған азаматтардың 92% жеке меншік клиникаларды таңдаған. Бірақ компания нәтижесі бойынша мемлекеттік емханаларға басымдық берген тұрғындар саны едәуір көп. Алматылықтардың көпшілігі «LS clinic» ЖШС, «Макиза» ЖШС, «Асмед» ЖШС, «A CLINIC» және «Алматы қаласының Орталық отбасылық емханасы» ЖШС тіркелген»,– дейді филиал басшысы.

Сонымен қатар, ол азаматтардың емхана ауыстыру құқығы дәстүрлі компаниямен шектелмейтінін атап өтті.

Заң бойынша емхананы тұрғылықты мекенжайын, жұмысын немесе оқу орнын ауыстырғанда, басқа жаққа қоныс аударғанда, бұрынғы емхана жабылған немесе қызмет көрсетуді тоқтатқан жағдайда да ауыстыруға болады.

Одан бөлек, әр тұрғын жылына бір рет еркін таңдау құқығын пайдалана алады.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы тіркеу науқаны барысында емхана ауыстырған азаматтар жаңа емдеу мекемесінің қызметін 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана алады.


Соңғы жаңалықтар