Алматыда 1 шілдеден бастап суық су мен кәріздің тарифі өзгереді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 1 шілдеден бастап судың бір текше метрі үшін 55,2 теңге және кәріздің бір текше метрі үшін 32,74 теңге деңгейіндегі жаңа тарифтер қолданысқа енеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның мәліметінше, Алматыда соңғы рет су тарифі 2014 жылы – бір текше метр үшін 55 теңгеге дейін көтерілген.

«Содан бері өткен 9 жыл бойы тарифтер төмендеп келген және бүгінгі күні 1000 литр үшін 48 теңгеден аз мөлшерде қолданылып келеді. Алматы қаласында су құбыры желілерінің тозуы - 54,4 пайыз. Сол себепті 3607 шақырым құбырдың 2033 шақырымын кезең-кезеңімен ауыстыру қажеттігі туындап отыр. Кәсіпорынның жөндеу қоры республика бойынша ең төменгі саналатын Алматыдағы су мен кәріз тарифінің деңгейіне тікелей байланысты. Сондықтан «Тарифтерді инвестицияларға айырбастау» мемлекеттік саясатын іске асыру инженерлік желілер мен су дайындау станцияларындағы, кәріз тазарту құрылыстарындағы және сорғы станцияларындағы қажетті жабдықтарды ауыстыру үшін көбірек қаражат жинақтауға мүмкіндік береді. Аталған жұмысты іске асыру желідегі апатты жағдайды азайтып, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді», - деп хабарлады «Алматы су» МКК баспасөз қызметі.

Сумен жабдықтау және ағынды суды бұру қызметтерінің тарифтерінің өзгеруі - бір пәтер үшін ай сайынғы коммуналдық төлемдердің сомасын 15%, орта есеппен 150 теңгеге өсірмек.

Яғни, тариф біршама көтерілгенмен, оның деңгейі халық үшін 2014 жылғы көрсеткіште сақталады.

«Заңды тұлғаларға қатысты сумен жабдықтау қызметтері тарифінің өсуі - 69,2 пайызды, ал кәріз тарифтері - 89,4 пайызды құрайды. Кәсіпорынның өндірістік шығынының аз бөлігін суық су мен кәріз жүйесі қамтитынын ескеру маңызды. Осыған байланысты заңды тұлғалар үшін сумен жабдықтауға және су бұруға арналған жаңа тарифтің деңгейі тауарлар мен қызметтердің түпкілікті құнына айтарлықтай әсер етпейді», - деп хабарлады «Алматы су» кәсіпорны.


Соңғы жаңалықтар