Алматыда №1 қалалық клиникалық аурухана жоспарлы емдеуді қайта бастады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Smart Health University City сенімгерлік басқаруындағы Алматы қаласының №1 қалалық клиникалық ауруханасы жоспарлы емдеуді қайта бастады. Медициналық мекеме бір жылдан астам уақыт бойы коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастарды емдейтін инфекциялық аурухана ретінде жұмыс істеді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне аталған аурухананың басқарма төрағасы Эрнест Қалиев айтты.

Эрнест Қалиевтің сөзінше, бүкіл әлем үшін коронавирус індеттің өршуі ауыр сынаққа айналды.

«2020 жылдың наурыз айынан бастап медициналық мекеме коронавирустың таралуын болдырмауға белсенді түрде атсалысты. Осы уақытта науқастарды жоспарлы және шұғыл госпитализациялау тоқтатылды. Коронавирус белгілері бар науқастарды емдеу үшін уақытша төсек-орындар орналастырылды. Ал 2021 жылдың қарашасынан бастап аурухана жоспарлы емдеуді қайта жандандырды. Медициналық қызметтердің сапасы мен деңгейін арттыру мақсатында клиникадағы бөлімшелерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Желтоқсан айында ауруханаға жаңа компьютерлік томография аппараты жеткізіледі», - дейді ол.

Оның айтуынша, 2020 жылдан бастап тапсырманы орындау мақсатында жеке қорғаныстың медициналық құралдары- бір реттік қолғаптар, дезинфекциялық құралдар, дәрі-дәрмек және медициналық мақсаттағы бұйымдар (оттегі концентраторлары, пульсейксиметрлер, ылғалдандырылған оттегі беру құрылғылары) және жаңа цифрлық рентген аппараты сатып алынды.

«2021 жылы 5 өкпені жасанды желдету және 40 HiFlow аппараты сатып алынды, реанимация бөлімі 12 төсекке дейін кеңейтілді. Пациенттерге арналған жаңа матрацтар сатып алынды, емделушілерге арналған 420 шақыру түймесі орнатылды, медициналық қызметкерлерге арналған электронды дисплей орнатылды. Басқарушы компания бұл мақсаттарға 200 млн теңгеден астам инвестиция салды», - дейді Эрнест Қалиев.

Қазір ауруханада аллергология, пульмонология, неврология бөлімдері ашылды.

Сонымен қатар, кардиология, көпсалалы терапия, гастроэнтерология, кардиологиялық оңалту, физиотерапия, көпсалалы хирургия бөлімдері өз жұмысын қайта бастады.


Соңғы жаңалықтар