Алматы зообағының жануарлары қалай ұйықтайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы зообағының ұжымы бүкіләлемдік ұйқы күнін атап өтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл мереке әлемде 15 наурызда тойланады. Ал, Алматы зообағы биыл бірінші рет тыныштық сағатын өткізіп отыр.

«Жануарлар ағзасы үшін де ұйқының маңызы жоғары. Олар да ұйықтағанды, күн шуағына қыздырынғанды жақсы көреді. Бұл күні кез келген адам зообаққа келіп, жануарлардың мызғығанын тамашалай алады. Бізде ең құс ұйқылы немесе керісінше ең маубас жануарлар бар», - деді зообақтың директорының міндетін атқарушы Айгүл Төлеева.

Зообақтың фотографы Михаил Сорокоумов жануарлардың ұйқысын бақылап жүрген мамандардың бірі.

«Ұйқысыз ешқандай жануар дұрыс өмір сүре алмайды. Зообақта бұл процесті көруге болады. Аюлар аяқтарын созып ұйықтағанды ұнатады. Егер кірекей (ұрғашы аю-авт) қасында қонжығы болса, ол балаларын құшақтап жатады. Жабайы мысықтар, арыстандар мен барыстар бір бүйірлеп жатқанды ұнатады», - деді Михаил Сорокоумов.

Ғалымдардың айқындауынша, жыртқыштар табиғатта ең ұзақ ұйықтайды екен. Ал шөпқоректі тұяқтылар ең сергек ұйықтайтын жануарлар.

Мысықтектестер - түнгі жануарлар. Олар күндіз 14 сағаттай ұйықтап, түнде жорыққа шығады.

«Керіктер бірнеше апта бойы ұйқысыз өмір сүре алады. Оларға екі сағат мызғып алу жеткілікті. Керіктер қауіпсіздік үшін көп ұйықтай алмайды. Ұйықтаса да жиі оянып, жан-жағын жиі бақылап тұрады. Олар тік тұрып алып, мойнын жон арқасына төсеп ұйықтай алады. Пілдер басын жоғары көтеріп етпетінен жатады. Пілдерге 3 сағат ұйқы жетеді. Біздің қызметкерлер осы уақытқа дейін пілдің немесе керіктің ұйықтаған сәтін көрген жоқ», - деді Михаил Сорокоумов.

Көптеген жануарлар топтасып ұйықтайды. Пілдер мен түлкілер бір-біріне ұйысып ұйықтайды.

Бұғы, тау ешкілері сияқты мүйізді жануарлар ұйықтаған кезде мүйіздерінің салмағы басып кетпес үшін тепе-теңдік сақтап етпетінен жатады. Қоқиқаз бір аяғын көтеріп алып, басын қанатының астына тығып алып мызғиды. Оның көзі жан-жақты бақылау үшін үнемі ашық тұрады.

Соңғы жаңалықтар