Алматы зообағының бұрынғы есепшісі: Мен қылмыс жасаған жоқпын

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 32 млн теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталған зообақ есепшісі сот алдында соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

Істі судья Фаррух Омаров қарап жатыр.

«4 ай бойы қамауда отыру - мен үшін үлкен жаза. Сеніп тапсырылған мүлікті ұрлады деген айып тағылды. Шын жүрегіммен айтайын, мен қылмыс жасаған жоқпын. Менің қылмыстық ой-пиғылым болған жоқ. Мен әділдік жеңетініне сенемін. Прокурор сұраған жаза мен үшін тым ауыр деп санаймын. Тек қана кәсіпорын басшылығы тиісті тексерулерден соң қажетті шараларды жасауға ерінгені үшін мені бас бостандығынан айырмауыңызды өтінемін», - деді Марина Назарова.

Іс материалдарына сәйкес, Алматы зообағының есепшісі билеттерді сату барысында компьютерден 32 млн теңгені жойып жіберген.

«Назарова Марина бухгалтерлік есепті жүргізуге жауапты тұлға бола отырып, бухгалтерлік құжаттарға қасақана жалған ақпарат енгізген. Осылайша ол Алматы зоологиялық паркі МКК-іне залал келтіріп, ҚР ҚК 241-бабында көрсетілген қылмыс жасады. Сонымен қатар, өзінің қызметтік лауазымын өз мүддесіне пайдаланып, өзіне сеніп тапсырылған мүлікті ұрлады. Осылайша оған ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлімі бойынша айып тағылып отыр», - деді прокурор Ержан Құрақбаев.

Жарыссөз барысында прокурор Ержан Құрақбаев сотталушыны айыпты деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Сот барысында Марина Назарова кінәсін мойындамады.

Айта кету керек, 37 жастағы күдікті Марина Назарова 14 тамызда ұсталған болатын. Оған қарсы құны 32 млн теңге болатын билеттерді компьютерден жойып жіберді деген айып тағылды.

Үкім 20 желтоқсанда 12:00-де шығатын болды.

Соңғы жаңалықтар