Алматы зообағындағы ең қартаң ақ аюдың қазіргі жағдайы қандай

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алькор немесе Коля есімді ақ аю - Алматы зообағының байырғы тұрғыны. Қарт аюдың тыныс-тіршілігі туралы оның қамқоршысы Сергей Спицын мен Алматы зообағының директоры Вячеслав Банщиков айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Алькордың денсаулығы сыр бергені жайында белсенділер жарыса жазып, ақ аюдың суреті мен бейнежазбасын таратқан болатын. Жануардың денсаулығы мен тұратын жері көпшілікттің назарын аударды.

«Дүйсенбі күні таңертең маған көп хабарлама түсті. Онда бәрі «Ақ аюдың денсаулығы нашарлап кетіпті, хайуанаттар бағында оған ешқандай жағдай жасалмаған» деген. Мен бірден осы жерге келіп, оның денсаулығының жақсы екеніне көз жеткіздім. Қазір ол ойнап, тамақтанып жатыр. Оның жұмыс күні таңғы 5-6-да басталады. Ол негізінен теңіз балықтарымен қоректенеді. 2017 жылдан бері Алматы хайуанаттар бағында оң өзгерістер байқалады. Мұнда аюлар ғана емес, басқа да жануарларға жақсы қарайды»,-дейді ақ аюдың қамқоршысы Сергей Спицын.

Сергейдің айтуынша, Алькор 1990 жылдан бері Алматы зообағында өмір сүріп келеді. 1989 жылы Калининград зообағында туған. Сергей бала күнінде осы жерге жиі келетін, ақ аюға бауыр басып қалғаны сонша, Алькордың қамқоршысы болуды ұйғарыпты.

«7 желтоқсан күні ол 30 жасқа толады. Адам өмірімен өлшейтін болсақ, 100-ге келеді. Олар бостандықта орта есеппен 20-25 жыл өмір сүреді. Дәл осы ақ аюлар өте сирек кездеседі. Солардың бірі - біздің Алькор. Зообақта ұзақ жасайтындар аз. Алькордың жұбайы мен ұлы бар. Олар басқа хайуанаттар бағында тұрып жатыр. Жалпы, жасы ең үлкен аю Германияда тұрады. Ол 39 жаста», - дейді Сергей.

Алматы зообағының директоры Вячеслав Банщиковтың айтуынша, поляр аюынан басқа, мұнда 7 гималай және қоңыр аю тұрады. Олар толықтай жабдықталған торлар мен жүзу бассейндерінде өмір сүреді.

«2017 жылы Сергей Спицынның демеушілігімен ақ аюдың үйі қайта қалпына келтірілді. Коляның жүзу бассейні жөндеуден өтті. Ұйықтайтын бөлмесіндегі салқындатқыш жабдықтары жаңартылды. Полярлы аюлар суық жақта өмір сүреді, сондықтан оларға суық ауадай қажет. Бұрын жаз мезгілінде Алькор көп салмақ жоғалтатын. Көп қонақтар ақ аюды күндізгі уақытта ойын алаңында көргісі келетін. Коля ыстық күні сыртқа шықпайтын. Қазір бәрі басқаша», - деді Вячеслав Банщиков.

Ақ аюдың қамқоршысы Сергей Спицын мен Алматы зообағының директоры Вячеслав Банщиков әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратпауды сұрады. Жануарлардың өміріне алаңдайтын барлық жандарды олардың тыныс-тіршілігін өз көзімен көруге шақырды.

Соңғы жаңалықтар