Алматы зообағында жануарлардың тісін қалай тазалайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - Жабайы табиғат аясында жануарлардың өмірі табиғат заңымен үндесіп жатады. Ал зообақта өмір сүріп жатқан хайуанаттар үшін қарапайым тіс тазалаудың өзі белгілі бір процеске айналады.

Қалалық зообақтың баспасөз қызметі ҚазАқпарат тілшісіне ірі жануарлардың тісін тазалау қалай жүргізілетінін айтып берді. 

Табиғат аясында сусиырлардың тісін ұсақ балықтар тазалайды екен. Ал зообақтың сусиырларының тісін қызметкерлер тазалайды.

«Зообақ сусиырлардың тісін күніне 5-6 рет арнайы щеткамен тазалайды. Жамболат бұл процеске үйреніп алды. Ал жаңадан келген Шарлоттаға бұл таң нәрсе болып жүр», - деді зообақ қызметкері Михаил Сорокоумов.

Шөпқоректі жануарларға тіс тазалаудың қажеттілігі жоқ.

Себебі, олар қабығы қатты ағаш бұталарын кеміргенде тістері өзі-ақ тазаланып кетеді.

«Бүгін бірінші рет пілдердің тіс тазалау процесін түсіріп алдым. Олардың тістері өмірінде 4 рет алмасатынын ескерсек, пілдерді аса таза жануар деп атауға болады. Пілдердің рационына ағаш бұтақтары кіреді. Піл Лао жапырақтарды жеп болған соң бұтақты сындырып, одан тіс тазалайтын құрал жасап алды», - деді М.Сорокоумов.




Шанхай зообағында жануарлардың тіс тазалау процесі үлкен шоуға айналады. Оны көру үшін адамдар көптеп жиналады екен.

Ал қолтырауын мүлде тісін тазаламайды екен. Олардың өмірінде тістері 2-3 мың рет ауысады екен. Кеміргіштердің де тісі үнемі желініп, қайталап өсіп отырады.

Жыртқыш аңдар болса тістерін қоректеніп жатқанда тазалайды. Жемтігін жеп жатқанда олардың тістері тері мен сүйекке үйкеліп, өзі-ақ тазаланады екен.

Ал тісі сынып қалған жануарлардың одан ары өмір сүруі өте қиын. Себебі, тісі болмаған жағдайда жыртқыштар аң аулай алмай қалады.

Соңғы жаңалықтар