Алматы зообағында қонжықты өлтіріп тастады – фейк

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы хайуанаттар бағында Гималай қонжығын ұйықтатып тастады деген ақпарат — фейк. Бұл туралы Stopfake.kz сайты жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Stopfake.kz сайтының хабарлауынша, қазнетте Алматы хайуанаттар бағында дүниеге келген Гималай қонжығы қызға шабуыл жасағаны үшін ұйықтатылғаны туралы хабар таратылған. Оған қонжықтың қызға шабуыл жасағаны көрсетілген бейне ролик қоса берілген. Шын мәнінде бұл видео 17 мамырда Грозный қаласында түсірілген .

«Видео жергілікті (Грозныйдағы - ред) хайуанаттар бағында түсірілген, ал қыз қонжықты өз еркімен қолына алған. Жануар қатты тістеп алғандықтан, жәбірленуші ауруханаға жүгінген. Осыдан кейін ол полицияға арыз жазып, қонжықтың тұмылдырығы болмағанына шағымданған. Қазір төтенше жағдайлар жөніндегі тергеу комитеті қауіпсіздік талаптарына сай емес қызмет көрсету фактісі бойынша тергеу жүргізуде. Қонжықты ұйықтатып тастау мәселесі көтерілген жоқ.

Бұл жағдайдың Алматы хайуанаттар бағындағы қонжыққа ешқандай қатысы жоқ. Кадрларда Алматыда туған аюдың көлемі мен түсі Грозныйда қызды тістеп алған қонжыққа қарағанда өзгеше екендігі көрініп тұр», - делінеді Stopfake.kz хабарламасында.

Еске салайық, Алматы зообағында Гималай аюының қонжығы дүниеге келген болатын. Қонжықты туған ұрғашы аю және аталығы өткен жылдың мамыр айында Ресейден Алматы зообағына әкелінгені туралы хабарлағанбыз.


Соңғы жаңалықтар