Валюта бағамдары:
    usd/kzt 477.98 eur/kzt 488.93

    rub/kzt 7.93 cny/kzt 70.82
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Алматы зообағында кенгуру дүниеге келді

2022 жылғы 7 сәуір 21:01

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық зообағында Лаура мен Марат атты кенгуру жұбы жаңа төлді өмірге әкелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зообақтың баспасөз қызметінен хабарлағандай, кенгурудың дәл қай күні туғанын анықтау қиын болып тұр.

Себебі, кенгуру төлі өте кішкентай, көлемі небәрі 25 мм болады.

Ол туыла салып, анасының қалтасына өрмелеп шығып, сонда жарты жыл бойы өсіп-жетіледі.

Кішкентай кенгурудың өмірге келгенін зообақ қызметкерлері анасының жүріс-тұрысы, мінез-құлқынан байқап, түсінген.

«Кішкентай кенгуру шамамен қаңтарда туған. Бірақ, біз оны тек наурызда ғана, анасының қалтасынан басын шығара бастаған кезде байқадық. Бұл - Лаура мен Мараттың төртінші төлі. Олар сусиырларға қарама-қарсы қоршауда тұрады. Кішкентай кенгуруды дұрыстап қарап, жынысын анықтауымыз керек. Оның есімін әлі қойған жоқпыз. Өз ұсыныс-нұсқаларыңызды жолдап, жазбаларыңызда пікір қалдырыңыздар. Кенгуруға қарайтын киперлер ұнаған есімді өздері таңдап алады», - деп жазды зообақ ұжымы Instagram парақшасында.


Еске салайық, бұған дейін Алматы зообағында зебралар жұбында төртінші ала құлын өмірге келген еді.

Сондай-ақ, зообаққа ламатұқымдас ерекше жануар мен амур жолбарыстары әкелінген болатын.


Сурет: М. Сорокоумов

Автор:

Думан Арғынгелді

Новости по теме