Алматы зообағында қар барыстары мен қасқырлардың вольері қайта жасалады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы зообағының болашақта қалай түрленетіні жайлы баспасөз мәслихаты барысында зообақ басшысы Айгүл Төлеева айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл 12 ғимаратты жөндеуге 236 млн теңге бөлінген. Құрылыс-монтаж жұмыстары жақын арада басталып, жыл соңына дейін жалғаспақ.

«Жөндеу жұмыстары барысында біз желдету жүйесін де жөндейтін боламыз. Қазір зообақтың ішінен жағымсыз иіс шығатыны рас. Енді пілдердің, леопардтардың, кенгуру, мен бірқазандардың қысқы үйлеріндегі желдеткіш жүйесі толық жасалатын болады», - деді Айгүл Төлеева.

Қазір құрылыс жұмыстары Алматы зообағын қайта жаңғырту жобасына сай жүргізіліп келеді.

Неміс сәулетшісі Питер Разбахтың жобасы бойынша Алматы зообағы токсономиялық типтен континенталды типке түрленбек.

Атап айтқанда, пілдер, зебралар мен керіктер бір ареалда өмір сүретін болады.

Қазір қар барыстары мен аю-қасқыр кешендері бойынша жобалық сметалық құжаттама дайын тұр.

«Қар барысы экспозициясында екі ересек барыс пен күшіктері тұратын болады. Аумағы 3 773 шаршы метр, вольер аумағы 618 шаршы метр, суат көлемі 8,9 шаршы метр болмақ. Аю-қасқыр экспозициясында 4 ересек қара аю, 4 ересек гималай аюы, 8 қасқыр өмір сүретін болады.

Олардың тұрғын жайының көлемі 8 932 шаршы метр болмақ», - деді Айгүл Төлеева.

Оның айтуынша, ветеринарлық емхананың жобалық сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр.

Осы уақытқа дейін гималай аюлары мен ақ аюлардың, жолбарыстардың, тапирлердің экспозициялары қайта жөнделді. Зообақтың экзотариумы қайта жасалды.

«Биыл 29 наурызда аквариум ашылды. Алғаш рет акариумда 25 тонналық бассейн пайда болды. Құстар үйі қайта жасалды», - деді зообақ басшысы.

Фото: static.ngs.ru

Соңғы жаңалықтар