Алматы зообағында амур жолбарысы күні аталып өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының хайуанаттар бағында амур жолбарысы күні аталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы зообағында артистер амур барысының кейпіне еніп, сиреп бара жатқан аң зары айтылды. Кішкентай қонақтар назарына театрлық қойылым ұсынылып, бейнелеу өнерінен байқау ұйымдастырылды. Бұл күннің тақырыбы тек жолбарыстар төңірегінде өрбіді. Балалар зообақты аралап, аң патшалығының қызығына куә болды.


Алматының зообағында 5 амур жолбарысы өмір сүреді. Бірақ солардың тек біреуі ғана аңның аталмыш түрін қорғау және көбейту бағдарламасына енген. Ол - Урман есімді жолбарыс. Қалған төртеуі генетикалық ауытқушылығы немесе кәрілігіне байланысты бағдарламаға кірмеген.



Осыдан бір жыл бұрын амур жолбарыстарына жаңа вольер салынып, «қоныс тойын» тойлаған болатын. Әлемдік стандартқа сай қаумалда көгал, ағаштар, бассейн, сарқырама және ойыншықтар бар. Ерекше жануарларды аса берік әйнек пен биік дуал келушілерден қалқалап тұр.

Халықаралық жолбарыс күні 29 шілде күніне бекітілген. Дегенмен, қыркүйектің соңғы жексенбісінде дәстүр бойынша амур жолбарысы күні атап өтіледі. Азайып бара жатқан аң түрі Қиыр Шығысты мекендейді. Қызыл кітапқа енген жануардың саны әлем бойынша 500-ге жуықтайды.

Соңғы жаңалықтар