Алматы зообағына қара ягуар әкелінді (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы зообағына Новосібір қаласындағы хайуанаттар бағынан қара ягуар әкелінді. «Васек» есімді жануар жаңа мекеніне бейімделіп келеді.

Зообақтың баспасөз қызметкері Михаил Сорокоумовтың айтуынша, 2 жастағы жыртқыш Алматыға былтыр күзде әкелінген. Содан бері 2 айлық карантиннен сәтті өтті.

Зообақ қызметкерлері жануар Алматы бағына толық бейімделмейінше ол туралы жарияламай отыр.

«Оңтүстікамерикалық жабайы тропикалық мысықтұқымдас жануар суыққа бейімделмегендіктен, әзірге жабық, жылы жерде ұсталып отыр. Көктем шыға зообақ қызметкерлері оны көпшілік назарына ұсынады. Біз Новосібір хайуанаттар бағымен көптен бері ынтымақтастық қатынастамыз. Алмасу бағдарламасы бойынша оларға тұяқты жануар беріп, орнына ягуар алдырдық», - деді Михаил Сорокоумов.

Бұған дейін алматылықтар хайуанаттар бағында 3 ягуарды тамашалап келген. Олардың екеуі ұрғашы, біреуі еркек болса, Васек енді бұл үйірде жыныстық теңдік орнатты.

Қара ягуарлар - басқа да мысықтұқымдастар сияқты әлемде құрып кетуге аз қалған, сирек кездесетін жануарлардың бірі. Ол Қызыл кітапқа алынған.

Соңғы жаңалықтар